Қазақ ұлттық спорт университеті шахматтан әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты

Бүгін, 11:44 / Інжу Әлихан
Қазақ ұлттық спорт университеті

Алматыда өтіп жатқан 2026 жылғы университеттер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша 16 команданың ішінен сегізі плей-офф кезеңіне жолдама алды. Олардың қатарында Қазақстан атынан өнер көрсеткен Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы да бар, деп хабарлайды turkystan.kz.

Топтық кезең үш күнге созылды. Қатысушылар төрт тақтада 45+30 уақыт бақылауымен алты матч өткізді. Әр топтан үздік екі команда плей-офф кезеңіне шықты.

А тобында ширек финалға жолдама мерзімінен бұрын анықталды. Бірінші орынды барлық алты матчта жеңіске жеткен Орал мемлекеттік тау-кен университеті иеленді. Команда 12 командалық және 22 жеке ұпай жинады. Екінші орынға Harvard University командасы (7 командалық және 12,5 жеке ұпай) тұрақтады. University of Melbourne мен Peking University жарысты топтық кезеңде аяқтады.

В тобында Webster University командасы барлық матчты үш ойыншымен өткізіп, әр кездесуді бір ұпай кем бастап отырды. Нәтижесінде Webster University мен Universidad de Chile бес-бестен командалық ұпай жинады. Алайда жеке көрсеткіштер бойынша чилилік команда басым түсіп, плей-оффқа жолдама алды. Ал топ жеңімпазы атанған Saint Louis University жеке есепте мүмкін болған 24 ұпайдың 22,5 ұпайын иеленді.

С тобында University of Texas at Dallas барлық алты матчта жеңіске жетіп, 12 командалық және 19 жеке ұпаймен бірінші орын алды. Екінші орынға National Technical University of Athens (8 командалық ұпай) орналасты. Қазақстандық AlmaU командасы үш командалық ұпаймен үшінші орынға тұрақтаса, Cambridge University төртінші болды.

D тобында Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы топ жеңімпазы атанды. Қазақстандық студенттер бес матчта жеңіске жетіп, бір кездесуді тең аяқтап, 11 командалық және 19 жеке ұпай жинады. Соңғы турларда олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасымен кездесіп, екі матчта да жеңіске жетті – 3,5:0,5 және 3:1. Екінші орынға индонезиялық Universitas Gunadarma (7 командалық ұпай) ие болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алты ұпаймен үшінші орын алып, плей-оффқа шығуға бір қадам жетпей қалды. Oxford University төртінші орынмен жарысты аяқтады. Осылайша, плей-офф кезеңінде Қазақстан атынан тек Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы өнер көрсетеді.

7 тамызда ширек финал матчтары өтеді. Онда Universidad de Chile – Ural State Mining University, Қазақ ұлттық спорт университеті – National Technical University of Athens, Universitas Gunadarma – University of Texas at Dallas және Saint Louis University – Harvard University командалары кездеседі.

8 тамызда жартылай финал ойындары өтсе, 9 тамызда әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталады.