Еуропа футболына ашылған қақпа

Бүгін, 13:45 / Túrkіstan IPW

Қызылорда футболының тарихында жаңа кезең басталды. «Kaysar Arena» УЕФА-ның төртінші санатына ресми түрде ие болды. Бұл – стадионның халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін білдіретін ең жоғары инфрақұрылымдық мәртебе. Енді Сыр елінің жаңа аренасы Қазақстан құрамасының ресми кездесулерін және еурокубок матчтарын қабылдай алады.
Жаңа стадион салу идеясы қызылордалық жанкүйерлердің көпжылдық сұранысынан туындады. Ғани Мұратбаев атындағы ескі стадион жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткенімен, қазіргі халықаралық талаптарға жауап бере алмайтын. Сондықтан сол жаға­лаудан заманауи спорт кешенін салу туралы шешім қабылданды.

«Kaysar Arenaның» іргетасы 2024 жылы 1 ма­мырда қаланды. Құрылыс барысында жо­ба­ның сыйымдылығы ұлғайтылып, стадион 11 мың көрерменге лайықталды. Нысанда фут­бол алаңынан бөлек, бокс, күрес, гимнас­тика, таэквондо және ауыр атлетика залдары қарастырылды. Алаңға заманауи жасанды көгал төселіп, астына жылыту жүйесі орна­тыл­­ды. Жарықтандыру, бейнебақылау, қауіп­сіз­дік, телетрансляция және жанкүйерлер ағы­н­ын басқару жүйелері де халықаралық стан­дарттарға сай жабдықталды.
Стадион 2025 жылы 4 қазанда Қазақстан ку­бо­гының финалымен ашылды. Алғашқы үл­кен ойында «Тобыл» мен «Ордабасы» кез­де­сіп, қостанайлық клуб 2:0 есебімен жеңіске жет­ті. Осы матч жаңа аренаның ірі футбол іс-ша­расын өткізуге дайын екенін іс жүзінде көр­сетті.
Алайда стадионды төртінші санат та­лап­та­рына сай салу мен ресми сертификат алу – екі бөлек кезең. 2026 жылдың сәуірінде Қы­зыл­ордаға УЕФА инспекторы келіп, аренаның бар­лық инфрақұрылымын тексерді. Сарапшы футбол алаңын, киім ауыстыратын бөл­ме­лерді, төрешілер мен делегаттарға арналған орын­дарды, медициналық және допинг-ба­қы­лау бөлмелерін, эвакуация жолдарын, жа­­рықтандыруды, бейнебақылауды, баспасөз және телетрансляция аймақтарын бағалады. Инс­пекция қорытындысынан кейін 2026 жыл­ғы 23 шілдеде «Kaysar Arenaға» УЕФА-ның төртінші санаты ресми түрде берілді.
Төртінші санат – УЕФА стадиондары жік­те­месіндегі ең жоғары деңгей. Мұндай арена ке­мінде сегіз мың көрермен қабылдауы, алаң­ды жоғары сапалы жарықпен қамта­ма­сыз етуі, резервтік электр жүйесіне, қауіп­сіз­дік орталығына, толық бейне­бақы­лауға, ха­лық­аралық телетрансляция жүргізуге арнал­ған камера орындарына және кемінде 50 орын­дық баспасөз мәслихаты залына ие болуы керек. Сонымен қатар қонақ жан­күйер­лерге жеке сектор, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға кедергісіз жағдай жасалуы мін­детті.
Жаңа мәртебе Қызылордаға Қазақстан құра­масының Еуропа чемпионатының ірік­теу матчтарын және Ұлттар лигасының кез­де­сулерін қабылдауға мүмкіндік береді. Клуб­тық деңгейде мұнда Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасының іріктеу және негізгі кезең ойындары өтуі мүм­кін. Бұл «Қайсар» еурокубокқа жолдама алса, өз матчтарын басқа қалаға көшірмей, ту­ған жерінде өткізе алады деген сөз.
Дегенмен төртінші санат кез келген еу­ро­кубок финалын автоматты түрде қабыл­дауға құқық бермейді. Финал өтетін қаланы УЕФА арнайы конкурс арқылы таңдайды. Мұндай шешім қабылданғанда стадионның техникалық деңгейімен қатар, оның сыйым­дылығы, халықаралық әуежайдың мүмкіндігі, қонақүй қоры, көлік қатынасы, қауіпсіздік жүйе­сі және коммерциялық инфрақұрылым да ескеріледі. Сондықтан «Kaysar Arena» үшін қа­зіргі мәртебе – үлкен футбол жолындағы маңыз­ды қадам болғанымен, алда ат­қары­латын жұмыс әлі де көп.
Ең бастысы, Қызылорда енді халықара­лық матчтарды өткізуге дайын қалалардың қатарына қосылды. Бұл өңірге тек футбол мерекесін ғана емес, жаңа туристік ағынды, шет­елдік жанкүйерлерді, клубтар мен бұқа­ра­лық ақпарат құралдарын тартуға мүмкіндік береді. Әрбір ірі кездесу қаланың қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және қызмет көр­сету салаларына да серпін бермек.
«Kaysar Arenaның» жаңа мәртебесі – бір ста­дионның ғана емес, тұтас өңірдің жетістігі. Бұл – ұзақ жыл бойы жаңа арена күткен жан­күйерлердің үміті ақталғанын, Қызылорда­ның спорттық инфрақұрылымы жаңа дең­гейге көтерілгенін көрсететін тарихи оқиға. Ендігі міндет – стадионды тек мерекелік матч­тар өтетін нысан ретінде қалдырмай, үл­кен футболдың тұрақты орталығына ай­нал­дыру.
Ол үшін «Қайсардың» ел чемпионатын­да­ғы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, еуро­ку­бок жолдамасына таласатын қуатты ко­ман­да қалыптастыру қажет. Сонымен қатар мұнда ұлттық құрамалардың, жастар коман­да­ларының, әйелдер футболы мен балалар турнирлерінің кездесулерін жиі өткізу маңыз­ды. Сонда ғана жаңа арена өзінің то­лық әлеуетін ашады.
Қызылорда жанкүйерлері енді Қазақстан құра­масының ресми матчтарын және «Қай­сардың» еурокубоктағы ойындарын өз қала­сында тамашалауға  толық  үміттене алады. Кеше арман болған халықаралық футбол бүгін нақты мүмкіндікке айналды. Енді «Kaysar Arenaның» жасыл алаңында Сыр елінің футбол тарихындағы жаңа жеңістер жазы­лу­ға  тиіс.

Қуат ӘБІШ

Тэгтер:

Футбол