Қызылорда: сапалы жол үлесі – 95 пайыз

Бүгін, 13:30 / Túrkіstan IPW

Есепке жүгінсек, Қызылорда облысы ау­мағында жергілікті маңызды 3 525 ша­қы­рым автомобиль жолы бар. Оның 1 025 ша­­қы­ры­мы – республикалық, 555 ша­қырымы – об­лыстық, 
1 945 шақыры­мы – аудандық маңыз­ға ие. «Батыс Еуро­па – Батыс Қытай» күре жо­лы салынғалы осы автобанның ең ұзақ бө­лігін алып жатқан Қызылорда жерінде жол құры­лы­сының жаңа дәуірі туды. Әсіресе, кейін­гі төрт-бес жылдың көлемінде бұл анық байқалып отыр. 

– Халық сұранысының бірі – жол-көлік саласындағы мәселелер. Мұндағы құрылыс қарқыны аз уақыт ішінде өңірге оң өзгеріс әкел­ді. Бір ғана мысал, 2022 жылдан бүгінге дейін жол инфрақұрылымын дамытуға 185,8 млрд теңге бөлінді. Осы уақытта 1 700 шақы­рым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелі салынды. Бұл жұмыс әлі де іркілген жоқ. Ал нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағат­та­нарлық жағдайдағы жолдың үлесі 82-ден 95 пайызға жетті, – дейді Қызылорда облыс­тық Жолаушылар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасының басшысы Жәнібек Сыз­дықов.
Бұл салада іске асқан ең бір айтулы жо­ба­лар облыс орталығы – Қызылорда қаласына тие­сілі. Мысалы, шаһардың С.Бейбарыс кө­ше­сінен Б.Баймаханов көшесіне дейінгі ара­лық­тағы Тараз көшесі мен С.Бейбарыс көшесі Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құм­көл» трассасына дейінгі жол 4, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі бөлік 6 жолақты жолға айналды. Одан бөлек, «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылы 4 жолаққа кеңейді. Оның бойындағы Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көше­сіне дейін жаңа жол салынды. Ұзындығы 23,5 шақырым әуежайға апаратын жол 4 жолаққа айналды. Мұның қабатында қаланың қанша­ма көшесіне жол салынып, шет аймақтардың өзі шынайы еңбектің шапағатын сезінді. 
Басқарма басшысы атап өткендей, облыс­та жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол 95 пайызға жетсе, мұның ішінде аудан ор­талықтары мен ауылдардың да үлкен үлесі бар. Ал жол түскен көшелердің көпшілігіне түн­гі жарық пен жаяу жүргінші жолы салын­ған.  
– Ең қуанышты жаңалық, Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен Қы­зыл­орда қала­сы­нан Ақтөбе облысының шекарасына дейін­гі 487,8 шақырым жолды І-санатқа ауыс­тыру бойын­ша «ҚазАвтоЖол» меке­ме­сі­мен тех­ника-экономикалық негіз­деме әзір­ле­ніп, мемлекеттік сараптаманың оң қоры­тын­ды алынды. Негіздемеге сәйкес жо­ба екі ке­зеңге бө­лінген. Қазір І кезең, яғни «Қы­зыл­орда қа­ла­сын айна­лып өту 1-б техникалық са­на­тындағы автомобиль жолын салу» жо­ба­сы­ның құрылысын жеңім­паз мердігер «Қы­ран» ЖШС бас­тады. Оның құны – 46 млрд 379 млн теңге. Жолдың ұзындығы – 25,8 шақырым. Ал ІІ кезеңге жататын «Қы­зыл­орда-Сексеуіл республикалық маңызы бар автомобиль жолын реконструкция­лау/салу» жо­басын да осы жылы бастау жоспар­лануда. Жол ұзындығы – 462 шақырым, құны 832 млрд 812 млн теңге, – дейді басқарма бас­­­шысы.
Қаншама жыл өзекті болып келген рес­пуб­ликалық «Қызылорда-Жезқазған» жо­лының облысқа қарасты бөлігі салынып бітті. Бұл оңайлықпен еңсерілген шаруа емес. Қазір қаншама шақырымдық сапалы жол халық игі­лігіне қызмет етіп тұр. Ал Президент Жол­дауында айтылған «Бейнеу-Сексеуіл» жолы­ның құрылысы облыстың Арал ауданындағы ең шалғайдағы елді мекендеріне (Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман) қатынас өзегі ғана емес, тың тіршілік тынысын ашатын болады. 
Қызылорда қаласы мен облысқа қарасты жеті аудан орталығы күре жолдың әрі темір­жол­дың екі бойына орналасқан. Бұған дейін Арал қаласында 940 метр болатын аспалы кө­пір пайдалануға берілді. Жаңақорған кен­тін­де  талай жылдан аяқсыз қалған теміржол үсті­нен өтетін көпірдің құрылысы бітті.  Ал енді Қармақшы ауданының Жосалы кентінде теміржол көпірінің құрылысы басталмақ. Құны 5,5 млрд теңгеден асатын жоба Жоса­лы­ның үлкен олжасы болғалы тұр.
– Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қа­ла­­сының сол жағалауынан еңселі автовокзал бой көтерді. Аймақтағы елді мекендерді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын ав­тобус қатынасынан бөлек, халықаралық ба­ғытта Ташкент қаласына, облысаралық Аста­на, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркі­стан, Сарыағаш, Ақтөбе қалаларына 18 авто­бус қатынайды. Екіншіден, облыс орталы­ғын­дағы халыққа қызмет ететін қоғамдық кө­лік­тер толық жаңарды. 300 автобус қалалық 32 маршрутты 100 пайыз қамтыды. Сонымен бір­ге, қалада «Экотакси» қызметін құру жо­ба­сы­мен 100 электромобиль алынып, тұрғындар мен қонақтарға қызмет көрсетіп келеді, – дей­ді Ж.Сыздықов.
Облыстың әуе қатынасында да әлеуеті ар­тып келеді. «Қорқыт Ата» әуежайы арқылы ап­тасына 47 рейс орындайтын жаңа терминал екі жыл бұрын пайдалануға берілді. Терминал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйы­мының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Сондай-ақ «Қазақстан темір жо­лы» ҰҚ» АҚ және жергілікті кәсіпкерлердің де­меушілігімен 605 млн теңгеден астам қар­жыға Қызылордадағы теміржол вокзалы мен аумағы түгелдей күрделі жөндеуден өтті. Мұн­дай құрылыс Жаңақорған, Шиелі, Жоса­лы, Төретам, Қазалы, Арал, Сексеуіл вок­за­лын­да, Жалағаш пен Тереңөзектегі қызмет көр­сету пункттері мен Талап бекетіндегі жо­лау­шылар платформасында жүргізіліп, Жаңақ­орған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл кентіндегі теміржол вокзалдары пайдалануға берілді. 
Басқарма басшысының айтуынша, биыл ай­мақтағы жол инфрақұрылымын дамытуға бар­лық бюджет көзінен 38,2 млрд теңге қа­рал­ған.  Бұл қаржыға 141 шақырым жол, кө­ше­­лер мен көпір өткелдерін жөндеу жос­пар­ланған. 
– Осы жылы құны 23,6 млрд теңгеге қала жә­не қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтегі 70 көшені қайта жаңғырту, күрделі жә­не орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Со­нымен қатар аймақ басшысының тапсыр­ма­сымен тек қала ішіндегі негізгі көшелер ға­на емес, аудандардың елді мекендеріндегі жол­дар мен көшелерге де ерекше көңіл бөлі­не­ді, – дейді ол.

Қуат ӘБІШ

Тэгтер:

Қызылорда жол