Білім сапасы, ең алдымен, білім беретін ортаның деңгейіне тікелей байланысты. Қауіпсіз, жайлы әрі заманауи мектеп – сапалы білімнің ғана емес, оқушының жан-жақты дамуының басты алғышарты. Сондықтан кейінгі жылдары Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын жаңғырту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын арттыру, ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту және барлық балаға тең мүмкіндік жасау жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып келеді.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2025-2027 жылдары елімізде 1 300-ге жуық мектеп реновациядан өтеді. Бұл ауқымды жұмыс Ақтөбе облысында да жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл өңірдегі білім беру саласына қарасты сегіз нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сай атқарылуда. Жауапты мамандардың айтуынша, барлық нысан жаңа оқу жылы басталғанға дейін, яғни 2026 жылдың 20-тамызына дейін пайдалануға беріледі.
Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан маңызды білім ошақтарының бірі – Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебі. Алпыс жылдан астам уақыт бойы ауыл балаларына білім мен тәрбие беріп келе жатқан бұл оқу орны бүгінде жан-жақты жаңғыртылуда. Жоба аясында ғимараттың инженерлік жүйелері толық жаңартылып, материалдық-техникалық базасын заман талабына сай қайта жасақтау жүріп жатыр.
Қазір мектептің ішкі және сыртқы электр желілері толықтай жаңартылуға жақын. Бұрын бағаналар арқылы тартылған электр желілері заманауи әрі қауіпсіз кабель жүйесіне ауыстыру басталды. Бұл электр қуатын тұрақты әрі қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сумен жабдықтау, кәріз және жылу жүйелері толық жаңартылады. Ғимаратқа жаңа өрт қауіпсіздігі жүйесі орнатылып, бейнебақылау құрылғылары да жаңартылуда.
Қазір мектептің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сынып кабинеттерінің қабырғалары мен төбелері жаңартылып, еден жабындары толық ауыстырылған. Терезе алды тақтайшалары жаңартылып, қажетті орындарға энергия үнемдейтін жаңа шыны пакеттер орнатылуда. Сонымен бірге шатырға күрделі жөндеу жүргізіліп, ішкі және сыртқы жарықтандыру жүйелері де толық жаңартылады.
Мектеп аумағын абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінген. Аулаға кеспетас төселіп, жаңа қоршау тұрғызылады. Орталық кіреберіс қақпасы жаңадан орнатылып, мектеп аумағы толық абаттандырылады. Бұл балалардың қауіпсіз жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, Қарауылкелді ауылының сәулеттік келбетінің жақсаруына да оң ықпал етеді.
Дегенмен қазіргі мектептің деңгейі тек сапалы жөндеумен ғана өлшенбейді. Бүгінгі білім беру жүйесі оқушылардың цифрлық дағдыларын қалыптастыруға, шығармашылық қабілеті мен инженерлік ойлауын дамытуға басымдық береді. Осыған байланысты Қарауылкелді орта мектебінде күрделі жөндеумен қатар материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары да қатар жүзеге асырылуда.
Инновациялық білім беру ортасын дамыту жобасы аясында мұнда жаңа информатика кабинеті жабдықталады. Кабинет заманауи компьютерлермен, интерактивті құрылғылармен және цифрлық оқыту құралдарымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинетіне жаңа құрал-жабдықтар сатып алынады.
Ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері де толық жаңартылып, еңбекке баулу пәнін жаңа деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Ал ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті кабинет арнайы техникалық құралдармен жабдықталады. Бұл әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасаудың маңызды қадамы болмақ.
Мектеп ұжымының айтуынша, жаңартылған кабинеттер оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, жаңа технологияларды еркін меңгеруіне жол ашады.
– Біздің мақсатымыз – балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыру. Жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу нәтижесінде мектеп толықтай жаңарып, жаңа оқу жылында оқушыларды заманауи келбетімен қарсы алады. Бұл – ауыл балаларына жасалып жатқан үлкен мүмкіндік, – дейді Қарауылкелді орта мектебінің директоры Қанат Қойшығұлова.
Оның пікірінше, ауыл мектептерін жаңғыр-
ту – білім сапасын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі.
– Инженерлік желілердің жаңартылуы, оқу кабинеттерінің заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы және қауіпсіздік жүйелерінің күшейтілуі оқушылардың жан-жақты дамуына зор ықпал етеді. Бұл жұмыстар өңірдегі білім сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді, – дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі сегіз білім беру ұйымын реновациялау жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Әрбір нысанда техникалық және авторлық қадағалау ұйымдастырылған. Құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуы тұрақты бақылауда.
Сегіз жобаның жалпы құны – 3 млрд 799,2 млн теңге. Жобаларды «ABYROY Group», «СтройМастерКласс», «Даму Құрылыс АДК» секілді сегіз мердігер компания жүзеге асыруда. Қазір құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 80 пайызға жеткен.
Жаңа оқу жылы басталғанда Қарауылкелді ауылындағы 640 оқушы жаңартылған мектептің табалдырығын аттайды. Олар жаңа кабинеттерде білім алып, цифрлық технологияларды меңгеріп, қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленеді. Осындай жобалардың нәтижесінде ауыл мектептері заман талабына сай жаңарып, еліміздің білім беру жүйесінің жаңа даму кезеңіне сенімді қадам басып келеді.
Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе облысы