«Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды штабтары ел аумағында тұрғындармен кездесулерді жалғастыруда. Алматы облысында ауыл еңбеккерлерімен, Ақмола облысында білім, мәдениет және әлеуметтік сала өкілдерімен, Жетісу облысында еңбек адамдарымен, ал Атырау облысында жергілікті тұрғындармен ашық пікір алмасу өтіп, партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары таныстырылып, азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Алматы облысы Жамбыл ауданының Жайсан ауылындағы «BEREKELI ET» шаруа қожалығының еңбек ұжымымен кездесті. Жүздесуде суармалы егіншілікті дамыту, мал азығын дайындау және шаруашылықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Шаруашылықтың 1 500 гектар суармалы жері бар. Биыл 400 гектарға жүгері, 500 гектарға арпа және 200 гектарға бидай егілген. Өсірілген өнім қожалықтағы 1 500 бас малдың жемшөп қорын дайындауға пайдаланылады.
Шаруа қожалығының басшысы Ербосын Мылтықбаев өндірістің тиімділігі суармалы судың тұрақты берілуіне, ирригациялық инфрақұрылымның жағдайына және су беру кестесінің сақталуына тікелей байланысты екенін айтты.
«Біз 1 500 бас малға қажетті жемшөпті өзіміз дайындаймыз. Сондықтан суармалы судың егістікке уақытында және қажетті көлемде жетуі маңызды. Тамшылатып суару суды үнемдеуге және өнім көлемін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Алайда бұл технологияның тиімділігі магистральдық арналардың жағдайы мен судың тұрақты берілуіне тікелей байланысты. Суармалы егіншілікті кеңейту үшін алдымен қолданыстағы ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту қажет», – деді Ербосын Мылтықбаев.
Кездесу барысында штаб мүшелері еңбек ұжымына партияның сайлауалды бағдарламасындағы агроөнеркәсіп кешеніне қатысты ұсыныстарды таныстырды. Бағдарламада суармалы жер көлемін 2,5 миллион гектарға дейін ұлғайту, ал тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары қолданылатын аумақты 2030 жылға қарай 1 миллион 362 мың гектарға жеткізу көзделген.
Сондай-ақ бағдарламада қуаң өңірлердегі ирригациялық және мелиорациялық жүйелерді қайта жаңғырту, суару арналарын жаңарту және суды есепке алудың заманауи құралдарын енгізу қарастырылған. Бұл шаралар суды тасымалдау кезінде болатын ысырапты азайтып, су ресурстарын шаруашылықтар арасында тиімді бөлуге бағытталған.
«Су үнемдеу технологиясын тек егістікке енгізу жеткіліксіз. Оған су жеткізетін арналар мен тұтас ирригациялық жүйе қатар жаңаруға тиіс. Партия бағдарламасында бұл мәселелер өзара байланыста қарастырылған. Осындай кездесулерде шаруашылықтардың нақты тәжірибесін көріп, еңбек ұжымдарының ұсыныс-тілектерін жинап, көтерілген мәселелерді тіркеп жүрміз», – деді штаб мүшесі Әділбек Қамбарұлы.
Кездесу соңында шаруашылық қызметкерлері 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенді қатысатынын айтып, партияның ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ұсыныстарына қолдау білдірді.
Жетісу облысы Қаратал ауданында «ӘDILET» партиясының Жетісу облыстық сайлауалды штабы «Бақыт-Қаратал» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Іс-шараға «ӘDILET» партиясы Жетісу облыстық сайлауалды штабының мүшелері Арыстанғали Арын мен Серікжан Жексембиев, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына үміткер Руфина Усанова қатысты. Кездесу барысында штаб өкілдері партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстырып, ауыл шаруашылығын қолдау, еңбек адамының мәртебесін көтеру, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және ауыл инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған бастамаларға тоқталды.
Өз сөзінде Арыстанғали Арын сайлауалды науқан аясында атқарылған жұмыстардың ауқымына тоқталды.
«Осы уақытқа дейін партиямыз еліміз бойынша 8 мыңнан астам үгіт-насихаттық шара ұйымдастырып, 1,6 миллионнан астам азаматты сайлауалды бағдарламамызбен таныстырды. Біз әділетті Қазақстанды бірге құрамыз», – деді.
Кездесу соңында қатысушылар елдің дамуы жолындағы бірлік пен өзара қолдаудың маңызын атап өтіп, алдағы сайлауда белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.
Ақмола облысында Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша сайлауалды үгіт-насихат науқаны жалғасуда. «Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды штабы халықпен кездесулерін жалғастырып, Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында білім, мәдениет және әлеуметтік сала өкілдерімен, Зеренді ауданында ауыл тұрғындары мен «Мирас» ЖШС еңбек ұжымымен, сондай-ақ Жарқайың ауданындағы Кенское ауылының элеватор қызметкерлерімен жүздесті. Кездесулер барысында партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылындағы кездесулерге облыстық сайлауалды штабтың мүшелері қатысып, Мәдениет үйінде, IT-мектепте, «Сұлу-ай» балабақшасында және ауыл тұрғындарымен ашық форматта пікір алмасты. Кездесулер барысында білім беру, мәдениет және мектепке дейінгі тәрбие саласы қызметкерлері үшін маңызды бағыттарға ерекше назар аударылды. IT-мектеп ұжымына заманауи білім беру жүйесін дамыту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау және дарынды жастарды қолдау жөніндегі бастамалар таныстырылды. «Сұлу-ай» балабақшасының педагогтерімен өткен кездесуде мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, педагогтерді қолдау және білім саласы қызметкерлерінің мәртебесін нығайту мәселелері сөз болды. Сонымен қатар балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды жетілдіруге бағытталған ұсыныстарға ерекше мән берілді. Мәдениет үйінде өткен кездесуде мәдени мұраны сақтау, өңірлердің шығармашылық әлеуетін дамыту және мәдениет мекемелерінің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Ал Тайтөбе ауылының тұрғындары инфрақұрылымды дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру, спортты қолдау, жастар саясатын жетілдіру және халықты әлеуметтік қорғау, жолдардың жағдайын жақсарту, әлеуметтік нысандар санын көбейту және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Партия өкілдері тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап беріп, көтерілген әрбір ұсыныс пен өтініш зерделенетінін айтты. «Әділет» партиясы сайлауалды штабының мүшесі Ақманат Әлімбетова тиімді шешімдер қабылдау үшін халықпен тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өтті. Кездесу соңында қатысушыларға партияның сайлауалды бағдарламасы баяндалған ақпараттық буклеттер таратылды.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Берген Беспалинов Зеренді ауданының Молодежное ауылының тұрғындарымен және «Мирас» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. «Мирас» ЖШС ауданның жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі болғандықтан, кездесудің негізгі бөлігі агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ауыл еңбеккерлерін қолдау мәселелеріне арналды. Қатысушыларға партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өңірлерді дамыту, әділ әрі бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру, адами капиталды қолдау және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру бағыттары түсіндірілді. Сонымен қатар ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту, аграрлық секторды дамыту, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Ауыл тұрғындары жолдардың жағдайы, ауыл шаруашылығы саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жастардың туған ауылында қалып, еңбек етуіне мүмкіндік жасау жөнінде сұрақтарын қойды. Сұрақтарға жауап берген Берген Беспалинов ауылдың тұрақты дамуы ел экономикасының өркендеуі мен азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды кепілі екенін атап өтті. Ақмола облыстық сайлауалды штабының мүшесі Дуанбай Ыбырай ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, еңбек адамын қолдау, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және заманауи инфрақұрылым қалыптастырудың маңызына тоқталды. Кездесу қорытындысында тұрғындар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
«Әділет» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмысы Жарқайың ауданында да жалғасты. Ашық диалогтың кезекті алаңы Кенское ауылындағы элеватордың еңбек ұжымы болды. Үгіт-насихат жұмыстары барысында партия белсенділері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, өңірлерді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамаларға тоқталды. Элеватор ұжымымен өткен кездесуде агроөнеркәсіп кешенін қолдау мәселесіне басымдық берілді. Партияның сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, астық сақтау және қайта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі нақты шаралар қамтылған. Ұжым мүшелері өңірлік экономиканы дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау қызметтерінің сапасын арттыру, жол және коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру, жастарды жұмыспен қамту және олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мәселелері бойынша өз сауалдарын қойды. Ақмола облыстық сайлауалды штабының мүшесі Жұлдыз Сейтбек ауылдық елді мекендерді дамыту, олардың инфрақұрылымын жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын ашу және жастардың ауылда қалып, еңбек етуіне жағдай жасау маңызды екенін айтты. Кездесу соңында партия өкілдері тұрғындар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен бастамалардың жан-жақты зерделеніп, алдағы жұмыста ескерілетінін жеткізді.
Ал Құрылтай депутаттығына кандидат Мұса Хайруллиев Атырау облысы Құрманғазы ауданына жұмыс сапары аясында өңірдің тарихи-мәдени мұраларының бірі – Кененбай үңгіріне барып, оның тарихымен танысты.
Бесшоқы өңірінде, Асан ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 39,5 шақырымда орналасқан Кененбай үңгірі – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін киелі орындардың бірі. XIX ғасырдағы зерттеуші И.Б.Ауэрбах өз еңбектерінде үңгір атауын Кененбай есімді жергілікті тұрғынның атымен байланыстырған. Ал жергілікті халық арасында бұл орынның ертеректе мешіт әрі құлшылық жасайтын орын болғаны жөнінде деректер сақталған.
Көптеген тарихи аңыздар мен ел аузындағы әңгімелерге арқау болған Кененбай үңгірі бүгінде Құрманғазы өңірінің маңызды тарихи-танымдық нысандарының бірі саналады. Бұл жер – өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани мұраның айқын көрінісі.
Тарихи орынмен танысу барысында Мұса Хайруллиев өңірдің мәдени-тарихи құндылықтарын сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
– Ұлттың болашағы оның тарихи жадымен тығыз байланысты. Осындай қасиетті орындар – халқымыздың рухани тамыры мен мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Біз оларды сақтап қана қоймай, келер ұрпаққа танытып, тарихи туризмді дамыту арқылы ел игілігіне айналдыруымыз қажет. Ұлт болып ұйысудағы бұл бағыттар - партияның басты басымдықтарының бірі, – деді Мұса Хайруллиев.
«Әділет» партиясы мәдени мұраны қорғау, тарихи ескерткіштерді сақтау және оларды кеңінен насихаттау – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды бағыты деп есептейді. Тарихи-мәдени нысандарды жаңғырту мен оларды туристік әлеуетке айналдыру өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал етеді.
Құрманғазы ауданындағы Кененбай үңгіріне жасалған сапар – өңірдің бай тарихи мұрасымен танысудың ғана емес, өткенге құрмет көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі болды.