«Семей орманы» резерватына 3,1 млрд теңгеге арнайы техника сатып алынды

Бүгін, 09:49 / Інжу Әлихан
Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 3,1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба аясында резерватқа 39 өрт сөндіру автоцистернасы, 10 трактор және 26 жол талғамайтын көлік сатып алынды. Заманауи техникалар бүгінде толықтай пайдалануға беріліп, күнделікті қызметте қолданылып жатыр.

Жаңа техника өрт қауіпті маусымға дайындықты күшейтіп, орман өрттеріне жедел ден қоюға, өрт ошақтарына қажетті күш пен құралдарды уақытылы жеткізуге және орман қорын қорғау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2024 жылдан бері «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемдері есебінен мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге, мемлекеттік орман табиғи резерваттарына, қорықтар мен орман шаруашылығы мекемелеріне арнайы техника сатып алуға 33,1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.

Осы уақыт ішінде табиғат қорғау ұйымдарына орман және дала өрттерінің алдын алу мен оларды жедел сөндіруге арналған 1 006 бірлік арнайы техника жеткізілді. Оның ішінде өрт сөндіру автоцистерналары, жол талғамайтын көліктер, тракторлар және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғауға арналған өзге де арнайы техникалар бар.

Министрліктің мәліметінше, мұндай жобалар табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтып, өрт қауіпті маусымға дайындықты арттыруға және еліміздің бірегей орман экожүйелерін сақтауға ықпал етеді.