Есінен танған жігітті аяусыз тепкілеген: Павлодарда күдікті қамауға алынды

Бүгін, 08:10 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Павлодарда аулада тұрғынды аяусыз соққыға жыққан жігіттің әрекеті желіде қызу талқыланып жатыр. Зардап шегушіні алдымен бірнеше адам жабылып сұлатқаннан кейін, қылмыскер онсыз да қан-жоса болған жігітті аяқ-қолы талғанша соққының астына алған. Бүгінде күдікті ұсталып, тергеу абақтысына қамалды, деп хабарлайды turkystan.kz "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, видеодан оқиға кезінде жігіттердің арасында бір бойжеткен араша түсіп жүргенін байқауға болады. Аулада екі адам жабылып, бір жігітті сұлатады. Кейін оны бір ер адам аяусыз тепкінің астына алады. Құлаштап ұрып, жүгіріп келіп те, секіріп те теуіп жүр. Зардап шегуші есінен танып, соққы мен тепкіні сезіп те жатқан жоқ.

Қылмыскер ұрып шаршағанда, оқиға орнынан кеткендей болған. Бірақ айналып келіп, соққысын тағы қайталайды. Сол маңнан өтіп жатқандардың біреуі де араша түспеген. Дегенмен ауыр соққы алған жігіт сәлден соң тәлтіректеп тұрып, өз жөніне кетті. Полиция күдіктіні анықтап, тергеу абақтысына қамаған жеткізді, басқа мәлімет бермеді.