Көкшетауда түрмеден шыққанына көп болмаған ер адам үйленген күні ұсталды

6 тамыз, 2026 / Жамбыл Жайлау
Hirkophoto/Getty Images

Көкшетауда некесін қиған жұптың мерекелік күні полицияның араласуымен аяқталды. Мас күйде жанжал шығарған ер адам ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 4 тамыз күні сағат 19:00 шамасында болған. Көшеде жүрген жасөспірімдер мас күйдегі ер адамның агрессивті әрекетін байқап, полицияға хабар берген.

Куәгерлердің айтуынша, ол жанындағы әйелге қол көтеріп, өтіп бара жатқан адамдарды балағаттаған. Оқиға орнына жақын маңдағы патрульдік полиция экипажы жеткен.

Тәртіп сақшылары ер адамды ұстау кезінде оның медициналық куәландырудан өтуден бас тартып, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағанын мәлімдеді.

Оның жанындағы әйел де медициналық тексеруден өткізілген. Қорытынды бойынша, оның орташа дәрежеде мас болғаны анықталып, қоғамдық орында алкогольдік мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына жеткізілгеннен кейін де жанжалын жалғастырған. Полицияның мәліметінше, ол изолятордағы раковинаны сындырып, мекеме мүлкіне зақым келтірген.

Осы әрекеті үшін оған ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан бөлек, билік өкілдерін қорлады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды.

Полиция ер адам мен оның жанындағы әйелдің оқиға болған күні некесін қиғанын хабарлады. Сондай-ақ ұсталған азаматтың бұрын сотталғаны және жуырда ғана түзеу мекемесінен босап шыққаны айтылды.

Құқық қорғау органы жасөспірімдердің дер кезінде полиция шақыруы жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермегенін атап өтті.