Атакент маңында ер адам балаларға шабуыл жасап, "бауыздап кетемін" деп қорқытқан

6 тамыз, 2026 / Жамбыл Жайлау
kriminal_kazakhstan

Алматы полициясы «Атакент» көрме кешені маңында бір топ балаға қатысты болған оқиғаны тергеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз ер адам 10 жастағы баланың бетінен ұрып, өзге балаларға да күш қолданатынын айтып қорқытқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, ер адам алдымен қыз балаға шабуылдамақ болған. Алайда ол тығылып үлгерген. Кейін күдікті әйелдің 10 жастағы ұлын көз тұсынан жұдырықпен ұрған.

Баланың дене жарақаттары медициналық мекемеде тіркелді. Оның көзінің асты көгерген.

Оқиға кезінде сол маңда Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік даярлау орталығының әскери қызметшілері болған. Олар ер адамды тоқтатып, полиция шақырған және күдіктіні келген тәртіп сақшыларына тапсырған.

Әскери қызметшілердің сөзінше, ұстау кезінде ер адам қазақтарды жек көретінін айтып айғайлаған. Сондай-ақ балаларға қарай ұмтылып, оларды өлтіремін деп қорқытқан.

Зардап шеккен баланың ата-анасы полицияға арыз түсірді. Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оқиғаға міндетті түрде құқықтық баға беріліп, процестік шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция.

Тэгтер:

Алматы