"Аякс" пен Грекия құрамасының бұрынғы бапкері Қазақстан құрамасын жаттықтыруы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан футбол құрамасының жаңа бас бапкері нидерландтық маман Джон ван’т Схип болуы мүмкін.
Бұл туралы Айдын Қожахмет хабарлады.
Оның мәліметінше, 62 жастағы маман 7 тамызда Қазақстан футбол федерациясының арнайы баспасөз мәслихатында ресми түрде таныстырылады. ҚФФ осы күні Астанада ұлттық құраманың жаңа бас бапкерінің таныстырылымы өтетінін растады. Алайда федерация әзірге маманның есімін атаған жоқ.
Джон ван’т Схип ҚФФ-ның бас хатшысы Скотт Маннмен бұрыннан таныс. Олар Австралияның "Мельбурн Сити" клубында бірге жұмыс істеген. Сол кезде нидерландтық маман команданың бас бапкері болса, Манн клубта басшылық қызмет атқарған.
Ван’т Схиптің соңғы жұмыс орны Армения құрамасы болды. Ол команданы 2025 жылдың ақпанында қабылдағанымен, бірнеше айдан кейін қызметінен кеткен.
Нидерландтық маман бапкерлік мансабында Амстердамның "Аякс" клубының жастар және негізгі командаларымен жұмыс істеді. Сондай-ақ "Твенте", "Зволле", Мексиканың "Гвадалахарасы", "Мельбурн Сити" клубтарын және Грекия құрамасын басқарды. Бұдан бөлек, Нидерланд ұлттық құрамасының бапкерлер штабына кірген.
Қазақстан футбол федерациясы әзірге ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Джон ван’т Схип болатынын ресми түрде растаған жоқ.
Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфинов 2026 жылдың маусымында қызметінен кеткен.