ChatGPT-дің кеңесіне сенген ер адам уланып, ауруханаға түсті

Бүгін, 21:27 / Жамбыл Жайлау
alexsl via Getty Images

АҚШ-та ас тұзын басқа затпен алмастырмақ болған 60 жастағы ер адам чат-боттың кеңесін орындағаннан кейін бромидпен уланып, психоз белгілерімен ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Live Science жазуынша, оқиға Сиэтл қаласында болған. Науқас дәрігерлерге көршісі өзін улауға әрекеттеніп жүр деп күдіктенетінін айтып, көру және есту галлюцинацияларына шағымданған. Ол қатты шөлдегенімен, ұсынылған суды ішуден қорыққан.

Алғашқы қан талдауы ер адамның ағзасындағы хлорид деңгейі шамадан тыс жоғары екенін көрсеткен. Алайда қосымша тексеру бұл нәтиженің қате болғанын анықтады.

Улануды бақылау орталығының мамандары науқасқа бромизм, яғни бромидпен улану диагнозын қойған. Оның қанындағы бромид мөлшері қалыпты көрсеткіштен шамамен 230 есе жоғары болған.

Дәрігерлердің түсіндіруінше, бромид жүйке жүйесіне әсер етіп, паранойя, галлюцинация және басқа да психикалық ауытқуларға әкелуі мүмкін.

Ер адам ауруханада үш апта ем қабылдаған. Осы уақыт ішінде дәрігерлер оның ағзасындағы электролит теңгерімін қалпына келтіріп, паранойя белгілерін азайту үшін антипсихотикалық препараттар қолданған. Кейін науқастың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.

Емдеу барысында ер адам ас мәзірінен тұзды алып тастағысы келіп, ChatGPT-ден натрий хлоридін немен алмастыруға болатынын сұрағанын айтқан. Оның сөзінше, чат-бот ұсынған натрий бромидін үш ай бойы пайдаланған.

Мақалада дәрігерлер дәл осы сұрақты кейін қайтадан ChatGPT-ге қойғанда, жүйе бромид тұздарын ықтимал балама ретінде атағаны және оның денсаулыққа қаупі туралы нақты ескерту жасамағаны жазылған.

Мамандар бұл жағдай жасанды интеллект ұсынған медициналық ақпаратты дәрігердің кеңесінсіз қолданудың қауіпті екенін ескертеді. Денсаулыққа немесе емдеуге қатысты кез келген шешім медицина маманымен кеңескеннен кейін ғана қабылдануы керек.

Тэгтер:

ChatGPT