Білім беру мен цифрлық даму: Жамбыл облысының тұрғындары «Әділет» партиясына қандай ұсыныстарын айтты

Бүгін, 19:59 / Дана Ізтілеуова
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері Жамбыл облысына келіп, жұртшылықпен кездесті. Депутаттыққа кандидаттар «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының негізгі басымдықтарын айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

 

Соның ішінде партия цифрлық даму мен сапалы білімнің қолжетімдігіне ерекше назар аударып отырғаны белгілі. Дәл осы мәселе бүгінгі кездесуде де талқыланған тақырыптың бірі болды. Мәселен, ардагер ұстаз Жәмилә Бекбатырова білім сапасын арттыру және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы шараларға қатысты сұрақ қойды. Бұған жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Динара Зәкиева мемлекет басшысының бастамасымен балалардың құқығын қорғау саласында маңызды реформалар жүзеге асып, 11 заң қабылданғанын еске салды.

«Ал сайлауалды бағдарламада балабақшаларда 79 мың, мектептерде 300 мың жаңа орын ашу көзделген», - деді Динара Зәкиева.

Жалпы, партия ауылдарда тірек мектептер ашып, Сәтбаев атындағы 60 инженерлік мектеп, IT-мектептер мен Жәутіков атындағы математика мектебін және Абай атындағы гуманитарлық мектептер желісін кеңейтуді көздейді.

Ал, ауылға жоғары білікті педагогтерді тарту үшін партия «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын одан әрі дамытпақ. Осы бағдарламаның арқасында ауылға келген жас ұстаздар қаладағы ұстаздардан 25% көп жалақы алады.

Бұл салаға қатысты тағы бір шешілуі тиіс мәселе – шағын жинақталған ауылдардағы ұстаз тапшылығы. Сол үшін бірден бірнеше пәнді оқытатын ұстаздар даярлауға көңіл бөлінеді. 

Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, қазіргі білімді цифрлы технологияларсыз елестету мүмкін емес.

«Сондықтан да біздің партияның бағдарламасы жасанды интеллектіні енгізу және оқушылардың цифрлық дамуына басымдық береді. Дәлірек айтқанда, оқу бағдарламасына жасанды интеллект негіздері мен сыни ойлау жүйесін енгізу көзделіп отыр», - деді ол.

Бұл тақырыпты «Жетінші арнаның» тікелей эфиріндегі дебат кезінде партияның депутаттыққа кандидаты Рауан Кенжеханұлы да қозғаған еді. Оның сөзінше, биыл «Әділет» партиясы мүшелерінің бастамасымен әлемдік OpenAI компаниясымен бірлесіп, білім беру саласына арналған арнайы ChatGPT Edu қызметі іске қосылды. Соның нәтижесінде Қазақстандағы 160 мың педагог сервисті тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

«Соның арқасында мұғалімдердің сабақ жоспарларын құру, түрлі есептерді дайындау сияқты уақыт алатын жұмыстары автоматтандырылды. Мектеп директорлары мен білім басқармаларының басшылары мектептің жай-күйін терең талдап, алдағы өзгерістерді алдын ала болжай алады. Оқушылар саны қалай өзгереді, білім сапасы қай деңгейде, әр баланың талантын қалай ашуға болады – осының бәрін технологиялардың көмегімен анықтап, соған сай шешім қабылдауға мүмкіндік бар», - деді ол.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, заманауи технологиялардың көмегімен мектептегі дарынды оқушыларды да, қосымша қолдауды қажет ететін балаларды да дер кезінде анықтауға болады. Сондай-ақ оқу үлгерімі төмен оқушыларға қандай қолдау қажет екенін және озат оқушылардың әлеуетін қалай дамытуға болатынын талдауға болады. Бұл тәсіл білім беруді жекелендіру қағидатына негізделген.

Сондай-ақ, бүгін Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесу кезінде тұрғындар қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту жолдарына да қызығушылық танытты. Жамбыл облыстық мәслихаты жанындағы жастар қанатының төрағасы Азамат Намелбек көптеген ауыл тұрғыны цифрлық қызметтерді пайдалану кезінде әлі де қиындық көретінін айтты. Оның сауалына Құрылтай депутаттығына кандидат Бағдат Мусин жауап берді.

«Партия барлық аудан мен ауыл тұрғындары үшін цифрлық сауаттылық бойынша тегін курстардың аясын кеңейтуді ұсынады. Бұл бағытта жастарға, жұмыссыз азаматтарға, көпбалалы аналарға, зейнеткерлер мен кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар мектептер мен колледждерде бағдарламалау, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық кәсіпкерлік бойынша тәжірибелік оқытуды күшейтуді ұсынамыз. Бұған қоса, шалғай елді мекендерді сапалы интернетпен және тұрақты мобильді байланыспен қамтамасыз ету - басты міндеттердің бірі», - деді Бағдат Мусин.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

 

 

Тэгтер:

Жамбыл облысы «Әділет» партиясы