«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы жамбылдықтармен өңірдің өзекті мәселелерін талқылады

Бүгін, 18:10 / Дана Ізтілеуова
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Цифрлық қолжетімділік, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарды баспанамен қамту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту, балалардың құқықтарын қорғау, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері «Әділет» партиясы республикалық сайлауалды штабының Жамбыл жұртшылығымен кездесуінде негізгі тақырыпқа айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Басқосу М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өтті. «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай мен Құрылтай депутаттығына кандидаттар тұрғындармен өңірдің дамуы мен халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін өзекті мәселелерді талқылады.

Жиылған жұртшылықтың алдында сөз сөйлеген Айбек Дәдебай өңір үшін су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп өнімдерін өңдеуді дамыту, отандық өндірушілерді қолдау және азаматтардың елдегі маңызды шешімдерге ықпал ету мүмкіндігін кеңейту басты міндеттердің қатарында екенін айтты. 

Ол Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалар мемлекеттік институттарды жаңғыртумен ғана шектелмей, қоғамдық сананы жаңартуға да бағытталғанын атап өтті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттары елдегі жүйелі өзгерістердің негізіне айналып келеді. Сонымен қатар реформалардың табысты жүзеге асуы азаматтардың белсенді қатысуына да тікелей байланысты.

«Бүгін біз тұрғындардың барлық ұсынысы мен сауалын мұқият тыңдадық. Жамбыл облысы жыл сайын су тапшылығы мәселесіне тап болады. Кейбір жылдары вегетациялық кезеңдегі су жетіспеушілігі 25–40 пайызға дейін барады. «Әділет» партиясы бұл мәселені сайлауалды бағдарламасына енгізді. Біз су саласын заңнамалық тұрғыдан реттеуді күшейтіп, су есебін толық цифрландыруды және цифрлық бақылау жүйесін енгізуді ұсынамыз. Бұдан бөлек, ел бойынша шамамен 14,5 мың шақырым суару желісін салу және жаңғырту жоспарланған. Бағдарламада ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Бұл жаңа өндірістердің ашылуына, қосылған құнның артуына және өңірлерде жаңа жұмыс орындарының көбеюіне мүмкіндік береді», - деді партия төрағасы.

Кәсіпкер Нұритдин Бегманов мал терісі мен жүнін өңдеу мәселесін көтерді. Оның сауалына жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Еркебұлан Ілиясов партияның сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығын дамытуға және өнімді терең өңдеуге ерекше мән берілгенін айтты. Оның сөзінше, партия шағын шаруашылықтардың кооперативтерге бірігуіне қолдау көрсетуді, ауыл кәсіпкерлерін оқыту мен субсидиялауды кеңейтуді, сондай-ақ өнімді өткізу тетіктерін жетілдіруді ұсынады. Ал кадр тапшылығын шешу үшін аграрлық салаға жаңа технологияларды, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу және салалық мамандар даярлау көзделген.

Ардагер ұстаз Жәмилә Бекбатырова білім сапасын арттыру және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы шараларға қатысты сұрақ қойды. Бұған жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Динара Зәкиева партия бағдарламасында осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты шешімдер қарастырылғанын айтты.

«Мемлекет басшысының бастамасымен балалардың құқығын қорғау саласында маңызды реформалар жүзеге асып, 11 заң қабылданды. Өңірлерде қорғаншылық және қамқоршылық органдары, Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Психологиялық қолдау орталықтары мен 111 бірыңғай байланыс орталығы ашылды. Біз қолданысқа енгізілген осы тетіктерді одан әрі жетілдіріп, отбасылар үшін цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар сайлауалды бағдарламада балабақшаларда 79 мың, мектептерде 300 мың жаңа орын ашу көзделген», - деді Динара Зәкиева.

Құрылтай депутаттығына кандидат Дихан Қамзабекұлы мен Нұрбек Матжани да экономикадағы нақты сұранысқа сай кадр даярлау мәселесіне тоқталды. Бағдарламада дуальды оқытудың үлесін 45 пайызға дейін жеткізу, студенттердің кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігін кеңейту және мемлекеттік білім беру несиелерінің қолжетімділігін арттыру қарастырылған. Соның нәтижесінде жыл сайын 40 мың жас жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысып, алғашқы кәсіби тәжірибесін жинақтап, тәлімгерлердің қолдауына ие болады.

Кездесу барысында тұрғындар қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту жолдарына да қызығушылық танытты. Жамбыл облыстық мәслихаты жанындағы жастар қанатының төрағасы Азамат Намелбек көптеген ауыл тұрғыны цифрлық қызметтерді пайдалану кезінде әлі де қиындық көретінін айтты. Оның сауалына Құрылтай депутаттығына кандидат Бағдат Мусин жауап берді.

«Партия барлық аудан мен ауыл тұрғындары үшін цифрлық сауаттылық бойынша тегін курстардың аясын кеңейтуді ұсынады. Бұл бағытта жастарға, жұмыссыз азаматтарға, көпбалалы аналарға, зейнеткерлер мен кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар мектептер мен колледждерде бағдарламалау, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық кәсіпкерлік бойынша тәжірибелік оқытуды күшейтуді ұсынамыз. Бұған қоса, шалғай елді мекендерді сапалы интернетпен және тұрақты мобильді байланыспен қамтамасыз ету - басты міндеттердің бірі», - деді Бағдат Мусин.

Өңір тұрғындары жастар мен жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, тарихи-мәдени мұраны сақтау және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін де көтерді.

Кездесуді қорытындылаған Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы он негізгі басымдыққа негізделген кешенді құжат екенін еске салды.

«Біз – отансүйгіштік пен жауапкершілікті, еңбекқорлық пен прогреске ұмтылысты біріктірген саяси күшпіз. Ұстанымдарымыз бен бастамаларымыз Президент реформаларына да, азаматтардың нақты сұранысына да сай келеді. Жамбыл облысының тұрғындары біздің мақсаттарымызды қолдайды деп сенеміз. Баршаңызды 23 тамыз күні сайлау учаскесіне келіп, саналы таңдау жасауға шақырамын. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!» - деді Айбек Дәдебай.

Айбек Дәдебай бастаған «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Жамбыл облысының тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен кездесуін жалғастырып жатыр.

Тэгтер:

Жамбыл облысы «Әділет» партиясы сайлауалды штаб