Respublica партиясы Таразда металлургтермен кездесуде өндірістегі мәселелерді талқылады

6 тамыз, 2026 / Інжу Әлихан
Respublica партиясы

Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Тараз металлургия зауытының еңбек ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында электр энергиясының тарифтері, теміржол тасымалының құны, квазимемлекеттік секторға өнім өткізу және өндіріс саласының өзекті мәселелері талқыланды. Қатысушылар қуатты экономика мен өндірістің әлеуметтік тұрақтылықтағы рөлі жөнінде пікір алмасты.

Құрылтай депутаттығына кандидат Махамбет Хасенов өндіріс пен кәсіпкерлік саласында жинақталған тәжірибенің заң шығару қызметіндегі маңызына тоқталды.

Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смолякова Respublica партиясының өңірлердегі жұмысы, инклюзивті қоғамды дамыту және ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен олардың отбасыларына қатысты бастамалар туралы айтты.

Құрылтай депутаттығына кандидат Жалынбек Жайнарбай салық жүйесіне қатысты пікір білдіріп, шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ өндірісті дамыту мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бастамалар жөнінде ақпарат берді.

Жамбыл облысынан Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрсұлтан Темірхан өңірдегі партия қызметінің қалыптасу кезеңі мен жүзеге асқан бірқатар инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндады.

Кездесу барысында Түркістан мен Жамбыл облыстарын байланыстыратын Шақпақ-баба асуындағы тоннель құрылысы мәселесі де сөз болды. Қатысушылардың айтуынша, жоба өңіраралық көлік қатынасын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі саналады.

Тэгтер:

Respublica партиясы