«Байтақ» партиясының үміткерлері алматылық дәрігерлерге сайлауалды бағдарламасын таныстырды

6 тамыз, 2026 / Алуа Арман
"Байтақ" партиясының сайты

Сайлауалды үгіт-насихат жұмысы аясында «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Алматыдағы №15 қалалық емханаға барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиында денсаулық сақтау саласының бүгінгі жай-күйі, дәрігерлердің еңбек жағдайы, экологиялық факторлардың халық денсаулығына әсері сөз болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Байтақ» партиясының өкілдері сайлауалды бағдарламаның денсаулық сақтау саласына қатысты негізгі бағыттарын таныстырды. Ал дәрігерлер күнделікті қызмет кезінде кездесетін түйткілдерді ортаға салды. Атап айтқанда, еңбек жүктемесі, кадр тапшылығы, әлеуметтік қолдау, әділ еңбекақы және заманауи медициналық жабдықтардың қолжетімділігі.

Тараптар профилактикалық медицинаны дамыту, медицина саласын қаржыландыруды күшейту, медицина қызметкерлері құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қоса, қоршаған ортаның ахуалы мен халық денсаулығының өзара байланысы талқыланып, экологиялық қауіптердің алдын алу аурулардың азаюына ықпал ететіні айтылды.

«Байтақ» партиясы өкілдерінің пікірінше, денсаулық сақтау саласын дамыту тек медициналық инфрақұрылымды жетілдірумен шектелмейді. Ол үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастырып, дәрігерлердің сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау маңызды.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге қатысты өзара ұсыныстарын бөлісті.

Тэгтер:

сайлау үміткер Құрылтай кандидат Байтақ партиясы