«Ауыл» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттар Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында еңбек ұжымдары және ауыл тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ауыл» партиясының өкілдері «Фирма Алекри» және «Молсервис» кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесуде отандық өндірісті дамыту, агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңдеу саласын жетілдіру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Якорь ауылындағы ветеринариялық пунктте өткен кездесуде «Ауыл» партиясының өкілдері ветеринариялық қауіпсіздік, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ауылдық жерлердегі білікті кадрларды даярлау және сақтау мәселелері бойынша пікір алмасты.
«Есиль Су» филиалының еңбек ұжымымен өткен кездесуде ауылдарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, су инфрақұрылымын жаңғырту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы өзекті мәселелер сөз болды.
Кездесулер барысында «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, ауылдық аумақтарды дамыту, еңбек адамының мәртебесін арттыру, өндірісті қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты бастамалар талқыланды.
Іс-шаралар ашық диалог форматында өтті. Еңбек ұжымдары мен ауыл тұрғындары өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты. «Ауыл» партиясының өкілдері қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын атап өтті.