Бүгінде қалада 48 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген. Жеті ай ішінде 16 мыңнан астам жүк көлігі жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицейлер 1 033 техникалық ақауы бар көлікті анықтады. Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 229 жүргізуші жауапкершілікке тартылып, 42 жүк көлігі айыппұл тұрағына қойылды.
Шілде айының ортасынан бері жұмыс істеп жатқан мамандандырылған мобильді топ 428 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтап, 21 жүк көлігін айыппұл тұрағына орналастырды.
«Жолға шығатын әрбір жүк көлігі Қазақстан Республикасының қауіпсіздік және экологиялық талаптарына толық сәйкес келуі тиіс. Ақаулы тежегіш жүйесі, тозған шиналар немесе пайдаланылған газдың шамадан тыс түтіндеуі – ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін нақты қауіп факторлары. Біздің міндетіміз – мұндай көлік құралдарын дер кезінде анықтап, олардың әрі қарай пайдаланылуына жол бермеу. Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жалғасады, өйткені мәселе тек заң талаптарын сақтау ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Алматының қолайлы экологиялық ахуалын сақтау болып табылады», – деді Әбдінұр Тасыбаев.