Қостанай облысының Әулиекөл ауылында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды. Реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелімен жолдан өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні жеңіл автокөлік қағып кетіп, ол оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ВАЗ-21099 автокөлігінің жүргізушісі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүру бөлігін кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан жаяу жүргінші көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген Қостанай облысы Полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткеліне жақындаған кезде жылдамдықты алдын ала төмендетіп, жаяу жүргіншілерді өткізу үшін кез келген сәтте тоқтауға дайын болуы керектігін еске салды.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары жаяу жүргіншілерді де жолда жүру кезінде артықшылыққа ие болса да, қырағылықты жоғалтпауға шақырды. Өйткені жол қозғалысы ережелерін сақтау және барлық қозғалыс қатысушыларының өзара құрметі – жолдағы қауіпсіздіктің басты кепілі болып қала береді.