Астанада жолаушы мінген ұшқышсыз әуе кемесі алғаш рет сынақтан өтті. EH216-S электр қуатымен ұшатын әуе аппараты «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында арнайы белгіленген аумақта көкке көтерілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл – Қазақстан тарихында жолаушы отырған ұшқышсыз әуе кемесінің алғашқы сынағы.
Іс-шара барысында қатысушылар ұшқышсыз әуе жүйелерінің іс жүзіндегі мүмкіндіктерімен танысты. Екі адамға арналған әуе кемесі сағатына 130 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, 35 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады.
Жобаның алғашқы кезеңінде Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени көрікті орындары үстімен 5–30 минутқа созылатын туристік және таныстыру бағыттарын іске қосу жоспарланып отыр. Болашақта мұндай әуе көлігі қолданыстағы көлік түрлерін толықтырып, елдегі заманауи көлік жүйесінің бір бөлігіне айналмақ.
Жоба аясында ұшқышсыз әуе жүйелерін шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіруге, жүк тасымалдауға және жедел әрекет етуді қажет ететін басқа да бағыттарға пайдалану көзделген.
Сонымен қатар, Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе кемелерін кезең-кезеңімен өндіру жоспарланып отыр. Бұл жоғары технологиялы машина жасау саласының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазір Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалалық әуе көлігін дамытуға қажетті құқықтық және инфрақұрылымдық негізді қалыптастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы мақсатта eVTOL әуе кемелерін пайдалану, вертипорттардың жұмысы және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесіне қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданған. Бұл жаңа технологияларды еліміздің көлік жүйесіне қауіпсіз енгізуге мүмкіндік береді.