Абай облысында полиция ата-аналарға үндеу жасады

Бүгін, 11:55 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Абай облысында балалардың терезеден құлауына байланысты қайғылы оқиғалардың алдын алу жұмыстары жалғастырып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өңір құрылғаннан бері мұндай 46 жағдай тіркелсе, биылдың өзінде 13 оқиға болған.

Абай облысында полиция қызметкерлері балалардың терезеден құлауының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Соған қарамастан мұндай қайғылы оқиғалар әлі де тіркелуде.

Жыл басынан бері өңірде балалардың терезеден құлауының 13 дерегі тіркелген.

Ал Абай облысы құрылған уақыттан бері көпқабатты тұрғын үйлерден балалардың құлауының жалпы саны 46-ға жеткен.

Полиция әрбір мұндай оқиғаның артында орны толмас қайғы мен бүтін бір отбасының қасіреті тұрғанын атап өтеді. Балалардың табиғи қызығушылығы мен қауіп-қатерді толық бағалай алмауы қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларды терезе маңында қараусыз қалдырмауға, москит торына сенбеуге және терезелерге арнайы қорғаныс құлыптарын орнатуға шақырады. Сондай-ақ жиһазды терезеге жақын орналастырмау ұсынылады.

Полицияның айтуынша, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау балалардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бір сәттік сақтық орны толмас қайғының алдын алуы мүмкін.