Іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамзаның Вьетнам әуежайынан суреті тарады

Бүгін, 11:29 / Інжу Әлихан

Халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза қолына кісен салынған күйде Вьетнамдағы Камрань әуежайында көзге түсті, деп хабарлайды turkystan.kz Kozachkov.offside Telegram арнасына сілтеме жасап. 

Жарияланған фотосуреттерде Қайсар Қамзаны Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) қызметкері алып бара жатқаны көрінеді. Алдын ала ақпарат бойынша, күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау рәсімі басталған

Еске салайық, Қайсар Қамза 2026 жылдың қаңтарында халықаралық іздеуге жарияланған болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, ол Қазақстан аумағында тыйым салынған онлайн-казиноны жарнамалауға қатысқан.

Блогер Instagram-дағы 2 миллионнан астам оқырманы мен 400 мыңнан астам жазылушысы бар жабық Telegram арнасы арқылы Pin-Up брендімен жұмыс істеген заңсыз онлайн-казиноны насихаттаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, оның криптовалюталық әмияндарынан шамамен 200 мың АҚШ доллары анықталған.

Арна мәліметінше, қылмыстық схема әшкереленгеннен кейін Қайсар Қамза Оңтүстік-Шығыс Азияға кеткен. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде Вьетнамның құқық қорғау органдары оны сәуір айында ұстаған.