Жамбыл облысындағы 25 жастағы жігіттің өліміне қатысты тың дерек шықты

Бүгін, 09:25 / Алуа Арман
Фото: Threads/kaairatovnnna

Қаза болардан аз уақыт бұрын Жамбыл облысының тұрғыны Ахмет Дүкенбай жұбайынан балаларды ересектердің қарауынсыз үйден шығармауды сұраған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, Ахмет Дүкенбай 1 тамызға қараған түні шамамен сағат 03:00-де Луговое ауылындағы Пушкин көшесінде оққа ұшқан. Марқұмның әпкесінің айтуынша, атыс түнгі сағат екі жарым шамасында басталған. Артынша қатарынан төрт-бес рет оқ атылған.

Шамамен бір сағаттан кейін үйге полиция қызметкерлері келіп, Ахметтің ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған. Алайда туыстарының айтуынша, 25 жастағы жігіт оқиға орнында-ақ көз жұмған.

Марқұмның әпкесі оның алған жарақаттары туралы да айтты. Оның сөзінше, оқтардың бірі басына, екіншісі арқасына тиіп, жүрек тұсын тесіп өткен. Сондай-ақ жақындары бел тұсы мен аяғынан да оқ іздерін байқаған. Сараптаманың ресми қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.

ҚазАқпарат мәліметінше, оқиғадан кейін отбасы соңғы күндері болған әңгімелерге басқаша қарай бастаған. Марқұмның жұбайының айтуынша, Ахмет әлдебір адамдармен арада жанжал болғанын айтқан. Ол балаларды алысқа жібермеуді, оларды қараусыз қалдырмауды және сақ болуды ескерткен.

Қазір отбасы басқа туыстарына да қауіп төнуі мүмкін деп алаңдайды. Марқұмның әкесі отбасына қарулы күзет беруді сұрады. Оның айтуынша, қауіп бір адамға ғана емес, бүкіл отбасына төнуі ықтимал.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Полиция «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді.

Бұған дейін марқұмның туыстары Ахметке қайғылы оқиғаға дейін бірнеше рет қоқан-лоқы жасалғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ олар қылмысқа қатысы болуы мүмкін барлық адамдарды анықтап, кінәлілердің жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеуді сұрады.

Тэгтер:

Жамбыл облысы