Заңгер Айгүл Орынбек Ақтөбе облысындағы қарт жылқышыға қатысты қоғамда кеңінен талқыланып жатқан іске байланысты өз ұстанымын жариялады. Ол көпшілікті әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа бірден сенбей, оқиғаның барлық мән-жайы мен құқықтық құжаттарына сүйеніп қана баға беруге шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Айтуынша, алғашқы тараған бейнежазба көпшіліктің эмоциясына әсер етіп, жұртшылықтың біржақты пікір қалыптастыруына себеп болған.
«Жалған ақпаратты тарату арқылы қоғамның эмоциясымен қалай ойнауға болатынын осы оқиға анық көрсетті. Ақтөбе облысындағы қарияның видеосын көріп, бейжай қалған адам аз шығар. Мен де ашуландым. Бірақ істің толық құжаттарын зерттемей жатып пікір білдіруге асықпадым. Себебі оқырмандарым алдындағы жауапкершілікті сезінемін. Руслан Өтепбайдың видеосынан түйгенім – қария апелляция арқылы толық ақталмаған. Ол шартты түрде және амнистиямен ғана шыққан. Демек, қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам», – деді заңгер.
Айгүл Орынбек бұл оқиғадағы ең ауыр жайттың бірі ретінде инсульт алған қарияның еңбек етуін жалғастырғанын және оның ұлының әрекетін атады.
«Мені ең қатты қынжылтқаны – пайғамбар жасына келген әкесін инсульт алғанша мал соңында жүргізген ұлы. Әкесі сол күйге жеткенше неге еңбек етті? Бұл жерде біреуді қаралау емес, шындықты айту маңызды. Бай болсын, кедей болсын, үнсіз жүретін, еңбегі пайдаланылатын адамдар әрқашан табылады. Өкінішке қарай, бұл – сондай жағдайлардың бірі ғана», – деді ол.
Сонымен қатар заңгер қоғамды мәселені эмоцияға берілмей, заң мен нақты деректер негізінде бағалауға шақырды. Оның пікірінше, жекелеген адамдарды айыптаудан бұрын, егде жастағы азаматтардың осындай жағдайға тап болуына жол бермейтін жүйе қалыптастыруға назар аудару қажет.
Сөз соңында Айгүл Орынбек азаматтарды жалған ақпараттың жетегінде кетпеуге үндеп, қоғамның әділетті болуы білім мен саналы көзқарасқа байланысты екенін атап өтті.