Алматы полиция департаменті ел аумағында заңсыз жүрген Үндістанның 35 азаматы Қазақстаннан шығарылғанын хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
Алматы полициясы жариялаған видеода шетел азаматтарын елден шығару рәсімінің соңғы кезеңі көрсетілген.
"Көші-қон заңнамасының талаптарын бұзған Үндістан Республикасының 35 азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды. Олардың барлығы елде болуға рұқсат етілген мерзімнен асып кеткен және Қазақстан аумағында заңсыз жүрген.
Арнайы іс-шаралар барысында Алматы полиция департаментінің көші-қон қызметкерлері шетел азаматтарының жүрген жерін анықтап, оларды ұстады. Сот шешімімен барлық құқық бұзушы Қазақстан аумағынан шығарылды. Полиция қызметкерлері олардың әуежайдағы шекаралық және паспорттық бақылаудан өтуіне дейін бірге жүрді", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар шетел азаматтарының елде болу мерзімі аяқталғаннан кейін олардың уақытында кетуін қамтамасыз етпеген қабылдаушы тарап өкілдері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.