Құрылтай сайлауы: 7 партия өкілдері теледебатта білім жүйесін дамыту туралы ұсыныстарын ортаға салды

5 тамыз, 2026 / Дана Ізтілеуова
видеодан скриншот

Қазір Астанадағы «Қазмедиа орталығы» ғимаратында Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен телевизиялық сайлауалды дебат өтіп жатыр. Жоба тікелей эфирде «Жетінші арнада» көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дебаттардың негізгі тақырыбы – білім беру жүйесін дамыту. Бірінші кезеңде партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, ашық пікірталасқа түсті.

Құрылтай сайлауына арналған екінші телевизиялық дебатта бірінші болып өз салған Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі Қазақстанның білім беру саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Мейрамгүл Мәдәлі  партияның білім беру жүйесін дамытуға арналған бес бастамасын таныстырды Партия шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізуді, халықаралық және қос дипломды бағдарламаларды кеңейтуді, білімнің онлайн экспортын дамытуды, тәуелсіз аккредиттеу жүйесін жетілдіруді және жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін арттыруды ұсынды.

Келесі сөз кезегін алған «Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекей телевизиялық дебат барысында ұстаздардың жалақысын жыл сайын көтеруді ұсынды. Дулат Тастекей өз сөзінде партия бағдарламасының өзегінде ғылым мен инновация тұрғанын айтты. Оның сөзінше, партия адами капиталды дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеген. Сондай-ақ ол ұстаздардың жалақысын жыл сайын инфляция деңгейінен жоғары мөлшерде жүйелі түрде көтеруді ұсынып отырғандарын жеткізді. Дулат Тастекей бұл бастамаларды толық жүзеге асыруға сенім білдірді.

Дулат Тастекейден соң сөз алған Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының өкілі Мақсұт Насибулов тегін жоғары білім беруді популизм деуге болмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жүйе Германия, Норвегия және Финляндияда сәтті жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ ол жоғары білімге қолжетімділік кеңейіп, университетте оқу мүмкіндігі отбасының қаржылық жағдайына ғана тәуелді болмауы тиіс екенін айтты.

Одан кейін сөз тізгінін алған «Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы дебат барысында білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу және азаматтардың жеке деректерін қорғауға қатысты жоспарларын таныстырды. Оның айтуынша, партия алдағы бес жыл ішінде оқушыларды, педагогтерді және егде жастағы азаматтарды қамтитын цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған ауқымды жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ол 5 миллион қазақстандықты цифрлық қауіпсіздік пен жасанды интеллект дағдыларына оқытуды ұсынды.

Одан кейін сөйлеген «Байтақ» партиясының өкілі Аслан Байзахановтың айтуынша, жасылдар партиясы 150 мыңнан астам адамға экологиялық сауаттылық негіздерін үйреткен. Аслан Байзахановтың пікірінше, экологиялық мәдениет әр қазақстандықтың өмір салтының бір бөлігіне айналуы керек. Бұл тәрбие бала кезден, яғни балабақшадан басталып, отбасында, жұмыс орнында және мемлекеттік басқару жүйесінде жалғасуы қажет. Оның сөзінше, партия осы бағытта 150 мыңнан астам адамға экологиялық сауаттылық негіздерін үйреткен. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасын таппақ.

Ал «Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалуына бақылауды күшейту қажет екенін мәлімдеді. Шахмардан Байманов ауылдық квотамен оқуға түскен жастар туған ауылына барып жұмыс істеуі керек екенін баса айтты. Оның айтуынша, 2019 жылдан бері бағдарлама аясында 114 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болған. Оның ішінде 52 мың азамат тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие алған. Сонымен қатар, соңғы үш жылда 166 қатысушы бағдарлама талаптарын бұзып, мемлекетке 700 миллион теңгеден астам қаражатты қайтаруға міндеттелген. Шахмардан Байманов ауылдық квота арқылы жоғары оқу орындарына түскен түлектер диплом алғаннан кейін туған ауылдарына оралып, сол жерде еңбек етуге тиіс екенін де атап өтті.

Соңғы болып сөз алған Қазақстанның Халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов колледждерді жекеменшік компаниялардың сенімгерлік басқаруына беруді ұсынды. Оның айтуынша, елімізде механик, сантехник және басқа да жұмысшы мамандар тапшы. Сонымен қатар, колледж түлектерінің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Керісінше, олар курьер немесе такси жүргізушісі болып еңбек етуге мәжбүр. Қазақстанның Халық партиясының өкілінің пікірінше, бұл – алаңдатарлық жағдай. Бейбіт Құсайыновтың пікірінше, бұл мәселенің шешімі – колледждерді бейінді жекеменшік компаниялардың басқаруына беру. Оның айтуынша, мұндай тәсіл студенттерге оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде олар колледжді тәмамдағаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Алғашқы кезеңдердің қорытындысы бойынша онлайн дауыс берудің аралық нәтижелері жарияланды.

Онлайн дауыс берудің аралық нәтижелері:

1. «Әділет» партиясы – 42,53 %;

2. ЖСДП – 9,57 %;

3. «Байтақ» партиясы – 1,32 %;

4. Қазақстанның Халық партиясы – 10,13 %;

5. «Ауыл» партиясы – 17,58 %;

6. «Ақ жол» партиясы – 7,22 %;

7. Respublica партиясы – 10,88 %;

8. «Ешқайсысын қолдамаймын» – 0,77 %.

Онлайн дауыс беру тікелей эфир аяқталғанға дейін жалғасады.