Таиландтың оңтүстігінде футбол ойыны кезінде алаңға найзағай түсіп, 24 жастағы спортшы қаза тапты. Тағы 12 адам түрлі жарақат алған, деп turkystan.kz тілшісі The Independent басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға Сунгай-Колок қаласындағы Santiphap стадионында өткен матч кезінде болған. Golok FA кубогы аясында SAMCOLTS және Abu x Nong Sirin командалары кездескен.
Найзағай алаңға түскен кезде бірнеше футболшы зардап шеккен. Қаза тапқан спортшы SAMCOLTS командасының 24 жастағы вингері Софван Авае екені анықталды.
Басылым мәліметінше, найзағай соққаннан кейін футболшы ауыр жарақат алған. Командаластары мен медицина қызметкерлері оған алғашқы көмек көрсеткенімен, спортшыны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Оқиға салдарынан тағы 12 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың арасында Малайзия азаматы да бар.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан футболшылар ойнап жүрген алаңға найзағай түсіп, қатты жарылыс дыбысы естілгенін көруге болады. Осыдан кейін ойыншылар зардап шеккендерге көмекке ұмтылған.
The Independent дерегінше, 2020-2024 жылдар аралығында Таиландта 283 адам найзағай соғуынан зардап шеккен.