Қытайдың химия зауытындағы өртке байланысты 1200-ден астам адам эвакуацияланды

Бүгін, 16:32 / Алуа Арман
Фото: Xinhua

Қытайдың оңтүстік-батысындағы Юньнань провинциясының Куньмин қаласындағы химия кәсіпорнында болған өрт салдарынан 1 257 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға сейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 11:50-де Цзиньнин ауданында сары фосфорды тиеу кезінде болған. Өрттің салдарынан ауаға улы түтін тарап, маңайдағы аумақтардағы ауа сапасы нашарлаған.

Биліктің мәліметінше, өрт салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, қаза тапқандар туралы ақпарат тіркелмеген. Өрт сөндіру-құтқару қызметінің мамандары жергілікті уақыт бойынша сағат 22:07-де ашық жалынды толықтай сөндірді.

Оқиға болған аймақта фосфор пентоксидінің (бес валентті фосфор оксиді) концентрациясының артқаны тіркелген. Алайда апат ошағын оқшаулау шаралары қабылданғаннан кейін, сәрсенбі күні сағат 08:00-дегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш төмендей бастаған.

Кәсіпорынның жұмысы толықтай тоқтатылды. Қазіргі уақытта оқиға орнында экологиялық мониторинг жүргізіліп жатыр. Арнайы комиссия апаттың шығу себептерін анықтауда.

Тэгтер:

Қытай өрт зауыт