Павлодар тұрғыны тұрмысқа шығып кеткен бұрынғы сүйіктісін банк аударымдары арқылы қорқытқан

Бүгін, 15:55 / Алуа Арман
istockphoto.com

Павлодарда ер адам бұрынғы сүйіктісін екі жыл бойы аңдып, кейін оған банк аударымдары арқылы қорқыту сипатындағы хабарламалар жібергені үшін сотталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияның мәліметінше, жұп айырылысқаннан кейін ер адам бұрынғы сүйіктісімен байланыс орнату әрекеттерін тоқтатпаған. Әйел оны барлық әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бұғаттаған соң, ол банк аударымдарының түсіндірме бөлігінде қорқыту мазмұнындағы хабарламалар қалдыра бастаған.

«Жәбірленуші қазір тұрмыста, бірақ ер адам оны аңдуын тоқтатпады. Әйел оны барлық әлеуметтік желіде бұғаттағаннан кейін, ол банк аударымдары арқылы қорқыту сипатындағы хабарламалар жіберген. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот ер адамға қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындады», – деді полиция.

Полиция өкілінің айтуынша, 2026 жылдың басынан бері Павлодар облысында сталкинг дерегі бойынша 8 қылмыстық іс тіркелген. Оның төртеуі тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылса, екеуі бойынша қоғамдық жұмыстарға тарту туралы айыптау үкімі шығарылған, ал тағы екі қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Сталкинг туралы айтқанда, ең маңыздысы – жәбірленушілер мұндай жағдайларды міндетті түрде тіркеп, дәлелдерін жинауы керек. Мұндай әрекеттерді тек сөзбен дәлелдеу мүмкін емес», – деп атап өтті полицияда.

Тэгтер:

Павлодар сталкинг