Шымкентте үш жастағы бала 9-қабаттан құлап қаза тапты

Бүгін, 14:28 / Алуа Арман
istockphoto.com

Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға бүгін, 5 тамызда, Қаратау ауданындағы Нұрсәт шағынауданында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

2023 жылы туған сәби ересектердің қарауынсыз қалып, абайсызда көпқабатты тұрғын үйдің тоғызыншы қабатындағы пәтердің терезесінен құлап кеткен. Өкінішке қарай, бала оқиға орнында көз жұмды.

2026 жылдың басынан бері Шымкентте балалардың терезеден құлауына байланысты 9 оқиға тіркелген. Оның 4-еуі қайғылы жағдаймен аяқталса, тағы 5 бала түрлі жарақат алған.

Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды кішкентай балаларды тіпті бірнеше минутқа да қараусыз қалдырмауға шақырады.

Құтқарушылар келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді:

москит торы баланы құлаудан қорғамайды және оның салмағын көтере алмайды;

терезенің жанына баланың терезе алдына шығып кетуіне мүмкіндік беретін жиһаз қоймаңыз;

терезелерге ашылуын шектейтін арнайы бекіткіштер мен қорғаныс құрылғыларын орнатыңыз;

балаларға ашық терезенің қауіпті екенін үнемі түсіндіріп отырыңыз.

Тэгтер:

Шымкент Бала Терезе