Өскемен қаласындағы Айналма тасжол ауданында өндірістік химиялық заттар сақталған қоймадан өрт шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде қойма ашық жалынға оранған. Өрт сөндірушілер жедел түрде тілсіз жауды ауыздықтап, қалың қара түтінді сейілтті.
ТЖМ мәліметінше, ғимараттың құрылымдық ерекшелігі мен өрт жүктемесінің жоғары болуына қарамастан, құтқарушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында өрт шағын аумақта толық сөндірілді. Сондай-ақ жалынның көршілес қойма ғимараттарына таралуына жол берілген жоқ.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.