«Таза Қазақстан»: Ақмола облысында кәсіпкер 3 гектар жерге қалдықтарды заңсыз жинаған

Бүгін, 11:47 / Алуа Арман
видеодан скриншот

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы экологиялық заңнама талаптарының бұзылуын анықтау және оның жолын кесу бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жүргізілген жұмыстар барысында Целиноград ауданында қажетті рұқсат құжаттарынсыз 3 гектар жер учаскесінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, қабылдау, жинақтау және сақтауды ұйымдастырған кәсіпкер анықталды.

Аталған жер учаскесінде биыл бірнеше ірі өрт оқиғасы орын алып, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп, қоршаған ортаға зиян келтірген.

Прокуратураның бастамасымен кәсіпкерге қатысты экологиялық заңнама талаптарын бұзу фактілері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалды.

2026 жылғы 8 шілдеде Целиноград аудандық сотының қаулысымен кәсіпкер кінәлі деп танылды. Оған 3 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұл салынып, қызметі алты ай мерзімге тоқтатылды.

Сонымен қатар, елді мекендер аумақтарында қатты тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын рұқсатсыз орналастыру фактілері анықталды.

Аталған фактілер бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға оларды жою жөнінде тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Прокуратура органдары қоғамдық кеңістіктердің, оның ішінде саябақтардың, скверлердің, азаматтардың жаппай демалыс орындарының және су айдындарының жағалау аумақтарының жай-күйіне ерекше назар аударуда.

Тек соңғы екі күннің өзінде елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзғаны және ортақ пайдаланылатын орындарды қоқыстағаны үшін 130-дан астам адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Экологиялық заңнама талаптарының бұзылуын анықтау және оның жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасуда.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Тэгтер:

Таза Қазақстан