Оқиға 2026 жылдың мамыр айында болған. Жамбыл аудандық сотының анықтауынша, ағайынды екі азамат Тараз қаласындағы «Зербұлақ» су ойын-сауық саябағының аумағынан құрылыс қалдықтарын қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына тасымалдаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полигонға кіріп-шығу кезінде олар мен басқа жүк көлігінің жүргізушісі арасында жанжал туындаған. Дауға жолдың жабылып қалуы себеп болған. Ауызша кикілжің көп ұзамай төбелеске ұласқан.
Сот мәліметінше, екі азамат та қарсыласына күш қолданған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші дене жарақатын алғанымен, оның денсаулығына жеңіл немесе ауыр зиян келмеген.
Сот талқылауы барысында айыпталушылардың кінәсі жанжалға қатысушылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен және сарапшылардың қорытындыларымен дәлелденді.
«Айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұрады. Жәбірленуші оларға заңға сәйкес жаза тағайындауды сұрады. Сот айыпталушылардың кінәні мойындауын, шын өкінуін және екеуінің де кәмелетке толмаған балалары бар екенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен айыпталушылар Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігінің 4)-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды», – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енді.