Ғалымдар Жердің болашағына қатысты тың болжам ұсынды. Олардың пікірінше, адамзат аса ауқымды инженерлік жобаларды жүзеге асыра алса, планетадағы тіршілікті бұрын есептелгендей тағы 1 миллиард жыл емес, шамамен 9,1 квадриллион жылға дейін сақтап қалуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды turkystan.kz arxiv.org-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін ғылыми ортада Күннің жарықтығы біртіндеп артып, шамамен бір миллиард жылдан кейін Жердегі мұхиттар буланып, планета тіршілікке жарамсыз күйге түседі деген көзқарас кең тараған болатын. Жаңа зерттеу авторлары бұл сценарий міндетті емес екенін айтады. Олар Жерді ұзақ мерзімде қорғауға арналған бірнеше алып инженерлік жобаны ұсынған. Соның бірі – Ай орбитасы маңына Күн сәулесінің бір бөлігін бөгейтін алып қалқан орнату. Мұндай құрылым Жерге түсетін жылу мөлшерін азайтып, Күннің біртіндеп күшеюінен болатын қызып кетудің алдын алуы мүмкін.
Ғалымдар сонымен қатар болашақта адамзатқа қажетті энергияны Юпитер жүйесіндегі ресурстарды пайдалану арқылы жұмыс істейтін алып энергетикалық қондырғылардан алуға болатынын болжайды. Мұндай инфрақұрылым Жерді қорғауға қажетті мегажобалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зерттеуде Жердің ұзақ мерзімді тіршілігіне қауіп төндіретін жеті негізгі фактор қарастырылған. Олардың қатарында Күннің жарықтығының артуы, Күннің эволюциясы, тектоникалық процестердің тоқтауы, судың біртіндеп жоғалуы, Жер осінің өзгеруі, ірі аспан денелерімен соқтығысу қаупі және Күн жүйесінен тыс келетін ықтимал қауіптер бар.
Авторлардың пікірінше, осындай қорғаныс жүйелері толық іске асырылса, адамзатқа басқа жұлдыз жүйелеріне жаппай қоныс аударудың қажеті болмауы мүмкін. Оның орнына өркениет Жердің өзін ұзақ уақыт бойы тіршілікке қолайлы күйде сақтай алады.
Дегенмен зерттеу әзірге теориялық тұжырымдама болып саналады. Ұсынылған технологиялардың басым бөлігі қазіргі ғылым мен техниканың мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары деңгейдегі инженерлік шешімдерді талап етеді және олардың іс жүзінде жүзеге асатыны әзірге белгісіз.