Алматы облысында спорт катерін шығаратын зауыт пен пилоттарды дайындайтын академия ашылады

Бүгін, 11:04 / Інжу Әлихан
Алматы облысының әкімдігі

Қапшағай су қоймасында алдағы 5 жыл бойы халықаралық «Формула-1 H2O» жарысы өткізіледі. Бұл жоба судағы сайысты ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Алдағы уақытта өңірде катерлер шығаратын зауыт салынады деп жоспарлануда. Сондай-ақ су көліктерін басқаратын пилоттарды оқытатын академия ашылмақ. Тіпті су үстіндегі Формула-1 жарысында ел намысын қорғайтын ұлттық команда жасақталады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев «F1H2O» жарысын ұйымдастырушылармен тағы бір мәрте кездесіп, халықаралық шараны жоғары деңгейде өткізу мәселесін талқылады.

– «Формула-1 H2O» секілді халықаралық жарыстарды өткізу еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін одан әрі арттыра түседі. Облыс әкімдігі тарапынан бұл бастамаға толық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ ҚР Спорт және туризм министрлігімен бірлесіп, сайысты еліміз үшін маңызды ұлттық жоба ретінде іске асыруға күш саламыз, – деді аймақ басшысы.

Ал, H2O Racing компаниясының өкілі Раймондо ди Сан Джермано Қазақстан бұл сайысты өткізуге ең қолайлы ел екенін атап өтті.

– Халықаралық доданың Орталық Азияда кеңінен дамығанын қалаймыз. Әлем бойынша су үстіндегі ең ауқымды жарысты Қонаевта ұйымдастыруды ұйғардық. Себебі бұл шаһар су туризмімен кең танымал. Ыстықкөлде өткен жарыста 2027 жылғы әлем чемпионатының Қазақстанда өтетінін ресми түрде жарияладық. Алдағы уақытта біз пилоттарды даярлайтын академия ашып, су көліктерін басқаратын мамандарды оқытамыз. Сондай-ақ Қазақстанда және жалпы Орталық Азияда осы спорт түрінің федерациясын дамыту бағытында жұмыс істейміз. Бұл жобалардың барлығы Қонаев қаласында жүзеге асады. Бұдан бөлек, Қазақстанда спорт катерлерін шығаратын зауыт ашуды да жоспарлап отырмыз. Ыстықкөлде болғанымызда Қырғызстанның өз командасы жоқ екенін көрдік. Алдағы 12 ай ішінде Қазақстанның толыққанды ұлттық құрамасын жасақтауға мүмкіндік бар, – деді Раймондо ди Сан Джермано.

«Formula-1 H2O» биыл Қырғызстандағы Ыстықкөл жағалауында өтті. Желмен жарысқан жүйріктердің өнерән тамашалауға 6 елдің президенті арнайы барып қатысты. Ал, келер жылы Қапшағай көлінде болатын жарысты әлем бойынша бір миллиардқа жуық адам тікелей трансляция арқылы тамашалайды деп күтілуде. Бұл еліміздің туристік әлеуетін арттырып, шетелдіктердің қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.