«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Президенттің таңдаулы сөздері жинақ болып жарық көрді

Бүгін, 10:25 / Дана Ізтілеуова

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атаумен таңдаулы сөздер жинағы жарық көрді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жинақта Мемлекет басшысының соңғы отыз жылдан астам уақыттағы ел дамуы, мемлекеттік басқару, ұлттық құндылықтар мен Әділетті Қазақстан құру идеясына қатысты ой-тұжырымдары қамтылған.

Сөз қадірін түсінетін, көкірегі ояу, зерделі қауымға арналған жағымды жаңалық – «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың таңдаулы сөздерінің жинағы жарық көрді.

Бұл жинақ – Мемлекет басшысының Қазақстанды Әділетті, Қауіпсіз және Өркендеген елге айналдыруға бағытталған ұлы мұратының сөз арқылы көрініс тапқан тұтас бейнесі. Онда Президенттің саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған тұлға ретінде соңғы отыз жылдан астам уақыт бойы қалыптастырған ұстанымдары, өмірлік пайымдары мен құндылықтары топтастырылған.

Жинақты құрастыру барысында бір маңызды жайт айқындалды: күрделі әрі өтпелі кезеңде ел басқарған тұлғаның мемлекет болашағы мен ұлт сапасына қатысты көзқарастары бұдан ондаған жыл бұрын-ақ қалыптасқан. Кейін олар өмірлік және кәсіби тәжірибе негізінде жүйеленіп, бүгінгі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына айналды. Кітапта әр жылдары түрлі тақырып бойынша айтылған сөздер топтастырылған. Оларды мұқият оқыған зерделі оқырман осы сабақтастықты анық байқай алады.

Жинақтың басты мақсаты – Хакім Абайдың «сөзін оқы және ойла» деген тағылымды қағидасына сүйене отырып, тағдыршешті кезеңде мемлекет тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының түп негізін, президенттік миссиясын өз сөздері арқылы таныту. Сондықтан мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңіне бейжай қарамайтын, елдің даму бағытын тереңірек ұғынуға ұмтылатын азаматтар  үшін бұл кітап маңызды танымдық еңбек болмақ.

Кітап жақын арада еліміздегі барлық мемлекеттік кітапханаларға, университеттер мен колледждерге, сондай-ақ жастар орталықтарына таратылатын болады.