Әлемдік мұнай бағасы АҚШ пен Иран арасында Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыруға мүмкіндік беретін ықтимал келісім туралы хабарлар аясында күрт төмендеді. Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы шілде айының ортасынан бері алғаш рет 79 доллардан төмен түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астана уақытымен сағат 08:20-дағы жағдай бойынша, Лондондағы ICE биржасында қазан айындағы Brent маркалы мұнай фьючерстері 6,5 пайызға төмендеп, бір баррелі 78,25 долларды құрады.
Ормуз бұғазы төңірегінде не болып жатыр?
АҚШ-тың Қаржы министрі Скотт Бессенттің мәлімдеуінше, Вашингтон мен Тегеран сейсенбі немесе сәрсенбі күні Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін келісімге келуі мүмкін.
АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісім Тегеранның ядролық бағдарламасына да қатысты болуы мүмкін. БАҚ мәліметінше, Вашингтон Ираннан жоғары байытылған ядролық отынды сұйылтып, оны кәдеге жарату немесе бейбіт мақсатта пайдалану үшін АҚШ-қа немесе басқа бір мемлекетке беруді талап етіп отыр. Алайда келіссөздер күзге дейін немесе одан да ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.
Ал Иран билігі АҚШ-пен тікелей келіссөздер жүргізіліп жатқанын жоққа шығарып, тек Оманмен кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мәселесі бойынша консультациялар өтіп жатқанын мәлімдеді.