Тойдағы даулы «уағыздан» кейін ІІМ ресми мәлімдеме жасады

Бүгін, 07:31 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Ішкі істер министрлігі Түркістан облысының тұрғынының даулы мәлімдемесіне қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды turkystan.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде «Музыка – харам, әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұндағы тойдағы уағыз кеңінен тарағаннан кейін Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады.

Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар жария мәлімдемелері қамтылған бейнежазба анықталған.

Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

ІІМ Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтары тең қорғалатынын еске салды.

Сондай-ақ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған жария үндеулерге, қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейтіні атап өтілді.

Ведомство сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайтынын ескертіп, заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.