19 жастағы хоккейші мезгілсіз көз жұмды

Бүгін, 21:00 / Жамбыл Жайлау
Фото: instagram.com/ufa.bashkortostan

Уфаның «Салават Юлаев» хоккей клубының жас қорғаушысы Амир Ханов 19 жасында көз жұмды. Спортшының қайтыс болғаны туралы РИА Новости хабарлады.

Хоккейшінің агенті Валерий Зацепиннің айтуынша, Амир Ханов соңғы бір жыл ішінде екі рет медициналық тексеруден өткен. 2025 жылғы шілдеде және 2026 жылғы ақпанда жүргізілген тексерулер оның денсаулығынан қандай да бір ақау анықтамаған.

«Медициналық тексерулердің қорытындысы бойынша денсаулығында ешқандай мәселе болмаған», – деді агент ТАСС тілшісіне.

Бұған дейін ТАСС дереккөзі хоккейшінің өліміне жүректің тоқтап қалуы себеп болуы мүмкін екенін жазған. Алдын ала мәлімет бойынша, спортшының қан тамырындағы тромб үзіліп кеткен болуы ықтимал. Алайда өлімнің ресми себебі әзірге жарияланған жоқ.

Амир Ханов «Салават Юлаев» клубының жүйесінде тәрбиеленген. 2022/23 жылғы маусымда ол Ресей біріншілігінің Еділ бойы аймағында 2007 жылы туған хоккейшілер арасында Уфа командасының ең нәтижелі ойыншысы атанды.

Жас спортшы Еділ бойы федералдық округінің құрамасында да өнер көрсеткен. 2022 жылы командамен бірге «Сириус кубогын» жеңіп алған.

Амир Ханов соңғы екі маусымда Ұлттық жастар хоккей лигасында ойнап, «Полет» және «Самара» клубтарының намысын қорғады.

Тэгтер:

Амир Ханов