Марқұм Нұрай Серікбайдың әкесі Бауыржан Сағымбек сот отырысында эмоцияға беріліп, сотталушының әкесіне қатқыл сауал қойды. Ол қызы алып қашылғаннан кейін айыпталушының әкесі ұлына ықпал етуге уәде бергенін, алайда бұл сөздің орындалмағанын айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Бауыржан Сағымбектің сөзінше, Нұрайды алып қашу әрекетінен кейін ол жағдайды бейбіт жолмен шешуге бірнеше рет тырысқан. Сол кезде сотталушының туыстарынан жігітпен сөйлесіп, мұндай әрекеттің қайталанбауын талап еткен.
Марқұмның әкесі қарсы тарап бұдан былай мұндай жағдай болмайтынына сендіргенін жеткізді. Алайда бірнеше айдан соң қайғылы оқиға болған.
Сот барысында ол сотталушының әкесіне тікелей үн қатты.
"Ұлыңызға ықпал етемін деп айтқан едіңіз. Неге сөзіңізде тұрмадыңыз?" – деді Бауыржан Сағымбек.
Сотталушының әкесі бұған ұлының ісіне араласпайтынын айтып жауап берген.
Осыдан кейін марқұмның әкесі ашуға ерік берді.
"Ұят қайда? Ар-ұжданнан жұрдайсыздар", – деді ол.
Бауыржан Сағымбек сотталушының еш жерде жұмыс істемегенін, оны ата-анасы толық қамтамасыз еткенін де айтты. Оның сөзінше, жігітке Нұрайға баруы үшін көлік те берілген.
Марқұмның әкесі қазір сотталушының туыстары оны қорғап, болған жағдайға қатысы жоқтай кейіп танытып отырғанын мәлімдеді.