Алматыда шахматтан екі бірдей ірі халықаралық жарыс жалауын көтерді: FIDE World University Team Chess Championship финалы және Қазақстан мен әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасындағы матч. Оңтүстік астанада 4–9 тамыз аралығында әлемнің 16 университетінің, соның ішінде Оксфорд, Кембридж және Гарвард командалары өнер көрсетеді. Қазақстан намысын Қазақ ұлттық спорт университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Almaty Management University қорғайды, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі. , деп хабарлайды turkystan.kz Қазақстан шахмат федерациясына сілтеме жасап.
«Бүгін Қазақстан әлемнің жетекші оқу орындарының атынан келген ең үздік жас шахматшылар тоғысатын орталыққа айналып отыр. Бұл чемпионат тек медаль үшін жарыс емес, сонымен бірге пікір алысу, білім алмасу, университеттер арасындағы байланысты нығайту және мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді серіктестік қалыптастыру алаңына айналды», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шахматтың маңызды білім беру құралы екенін, ал Қазақстанда педагогикалық кадрларды даярлауда нақты нәтижелер бар екенін атап өтті: бес педагогикалық жоғары оқу орнының 200-ден астам студенті «Шахмат педагогы» Minor бағдарламасы бойынша білім алса, 31 жоғары оқу орнында шахмат білімі пәндерін қамтитын бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оның айтуынша, келесі маңызды кезең QyzPU негізінде KazChessLab оқу-әдістемелік зертханасының ашылуы болды.
«Шахмат – бұл жай ғана интеллектуалды ойын емес, ол сыни ойлауды, дербестікті, жауапкершілік пен стратегиялық жоспарлау қабілетін дамытатын тиімді білім беру құралы. Сондықтан біз үшін шахмат білімін оқу үдерісіне кәсіби түрде кірістіре алатын педагогтарды даярлау өте маңызды. Бұл – педагогикалық білім сапасын арттыруға ғана емес, сонымен бірге еліміздің адам капиталы мен интеллектуалдық әлеуетін дамытуға қосылған үлес», – деді министр.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов бұл турнирдің Алматыда өтуі Қазақстан мен ұлттық федерацияның әлемдік шахмат қозғалысындағы орнын айғақтайтынын баса айтты. Сондай-ақ студенттер шахматын дамыту басты басымдықтардың бірі болып табылады, өйткені дәл осы университет ортасында спорт шеңберінен шығатын маңызды байланыстар орнайды.
«Тарихтан белгілі, шахмат Үндістанда пайда болып, Парсы елінде шыңдалды. Кейін сан тарапты сауда жолдары арқылы әлемге тарады, олардың бірі тура осы Алматы тауларының бөктерінен өткен еді. Мың жарым жылдан соң ойын өзі бастау алған тарихи тоғысқа қайта оралды. Қазақстан мен Алматының бүгін осы тарихи кезеңді қабылдап жатқаны еліміздің және әлемдік шахматтың қозғаушы күшіне айналған федерациямыздың салмағын сөзсіз дәлелдейді. Сонымен бірге студенттер шахматын дамыту – біз үшін басты басымдықтардың бірі, өйткені бүгінде дәл осы университеттер ортасы шахмат тақтасы шеңберінен шығып, бүкіл әлем бойынша ғылымда, білімде және бірлескен жобаларда жалғасын табатын байланыстар мен таныстықтар орнайды», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахим Алматының 236 мыңнан астам студенті бар студенттер қаласы екенін, сондықтан әлемнің әртүрлі елдерінен келген жастардың басын қосатын чемпионаттың дәл осы шаһарда өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.
Қатысушылардың 1 тамыздағы орташа рейтингі бойынша көшбасшылар қатарына Saint Louis University (2577), Ural State Mining University (2514), University of Texas at Dallas (2441) және Қазақ ұлттық спорт университеті (2420) кірді.
Қазақстандық командалар құрамы:
• KNUS: GM Қазыбек Нөгербек (2495), IM Сәтбек Ахмединов (2400), IM Арыстан Исанжулов (2385), IM Меруерт Камалиденова (2400), Әлішер Мажкенов (2180);
• Farabi University: FM Ерлан Тілеуханов (2296), Бекарыс Тұрсынәлі (2024), Сұлтан Аманжол (1982), WCM Әсель Лесбекова (1954, Қырғызстан), Дарина Ақпанбетова (1569);
• AlmaU: FM Жәңгір Бижігітов (2272), Диас Әлімбетов (2149), FM Нұрасыл Жұмабек (2025), Нұрай Еркінбек (1502), Әнуар Уәлихан (1648).
Сонымен қатар 4–5 тамыз аралығында 8-ден 18 жасқа дейінгі Қазақстан мен әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасында матч өтеді. Жарыс ұлдар мен қыздар арасында бөлек, алдымен рапид, кейін блиц форматында ұйымдастырылады. Матчтың жалпы жүлде қоры – 15 млн теңге.
Жарысты Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Бас серіктестер: Freedom компаниялар тобы мен «Шапағат» корпоративтік қоры.
Ресми серіктестер: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Almaty Tourism Bureau мен Visit Almaty, Herbalife компаниясы, Lichess.org онлайн-платформасы, «Zigi-Zagi» сусындар бренді, Qutty Band смарт-сағаттар бренді.