«Рахат ата көз жасына ерік берді»: Ақтөбелік кәсіпкер ақталып шыққан бақташыға баспана сыйлады (ВИДЕО)

Бүгін, 17:42 / Інжу Әлихан
Р. Өтепбай парақшасынан алынды

100 жылқы ұрлады деген айыппен сотталып, кейін апелляциялық сот шешімімен ақталған ақтөбелік жылқышы Рахат Сәрсеновтің отбасына жергілікті кәсіпкер Ақтөбе қаласынан баспана сыйлады. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Сүйінші, ағайын! Рахат Сәрсеновтің отбасына жергілікті кәсіпкер Ақтөбе қаласынан баспана сыйлады.

«Жұмысымнан көрмеген жақсылықты халықтан көрдім», – деп, Рахат ата көз жасына ерік берді.

Қиын сәтте қолдау көрсеткен кәсіпкерге Азамат Үсімбеков және барша қазақ еліне Алла разы болсын!

Ал іске келер болсақ, заңгерлік жұмыстар басталып кетті. Қажетті арыздар дайындалып, құқықтық тұрғыда күрес жалғасып жатыр. Біз бұл істі соңына дейін бақылаймыз», - деп жазды Р. Өтепбай.

Айта кетейік, бұған дейін журналист Руслан Өтепбай Рахат Сәрсеновтің бұрынғы жұмыс берушісімен арадағы дау салдарынан жалғыз баспанасынан айырылу қаупі туындағанын айтқан еді.

Тэгтер:

Сот Баспана Ақтөбе облысы бақташы Руслан Өтепбай жылқышы