Алматыда УЕФА-ның IV санаттағы талаптарына сай келетін, 45 мың көрерменге арналған футбол стадионының құрылысы жалғасуда. Нысан Құлжа және Талғар тасжолдарының бойындағы шамамен 32 гектар аумақта бой көтеріп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жоба аясында негізгі футбол аренасы, жаттығу алаңы, спортшылар мен командаларға арналған бөлме, жанкүйерлер аймағы және іргелес аумақты кешенді көріктендіру жұмыстары қарастырылған. Стадион халықаралық деңгейдегі футбол матчтары мен ірі спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Нысанның көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін оған іргелес жол инфрақұрылымы дамытылады. Құрылысты 2028 жылғы наурыз айында аяқтау жоспарланған.