«Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткер Ермекқалий Төлепқалиұлы Юсупов үгіт-насихат жұмыстары аясында «ITC WEST» логистикалық орталығының ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атырау қаласында орналасқан «ITC WEST» логистикалық орталығы – Батыс Қазақстандағы ірі агрологиялық және өндірістік инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Кешеннің жалпы аумағы 30 гектарды құрайды. Орталықта бес теміржол тұйығы, заманауи контейнерлік терминал, жалпы көлемі 5400 шаршы метр болатын «А» санатындағы қоймалар, 15 500 тоннаға арналған көкөніс сақтау қоймалары мен тоңазытқыш камералары, сондай-ақ өндірістік-технологиялық кешен орналасқан. Логистикалық орталық өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өнімдерді сақтау мен тасымалдау тиімділігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Кездесу барысында Ермекқалий Төлепқалиұлы «Ақ жол» партиясының басты ұстанымдарының бірі – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, бизнеске қолайлы жағдай жасау және отандық өндірісті қолдау екенін атап өтті.