"Хабар" арнасы «Eurovision 2017» байқауын тікелей эфирден көрсетеді
"Хабар" арнасы «Eurovision 2017» байқауын тікелей эфирден көрсетеді
«Хабар» арнасы «Eurovision 2017» байқауының жартылай финалы мен ақтық сынын тікелей эфирден көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің телекөрермендер «Eurovision 2017» жартылай финалын «Хабар» арнасының тікелей эфирінен 9-11 мамыр күндері, ал ақтық сынды 13 мамырда көре алады!»,- делінген телеарна таратқан ақпаратта. 62-ші Eurovision ән байқауы Киевте осы жылдың мамыр айында өтеді. Есте болса Швеция астанасында өткен «Eurovision 2016» сайысында «1944» әнімен украиналық Джамала жеңіске жетіп, Украина 2017 жылғы байқауды өткізу құқығына ие болған еді.
«Eurovision 2017» ән додасына 42 мемлекет қатысады. Бәсекелестікке Португалия мен Румыния қайта оралды, ал Босния және Герцеговина елдері қатысудан бас тартты. Австралия Ұйымдастыру комитетінің арнайы рұқсатымен конкурсқа қатысуды жалғастыруда. Халықаралық шараны байқау тарихында тұңғыш рет ерлер триосы жүргізеді. Олар Александр Скичко, Владимир Остапчук, Тимур Мирошниченко.
Айта кетейік, Eurovision байқауын Украина осымен екінші рет өткізгелі жатыр. Алғаш рет 2005 жылы өткізу мәртебесіне ие болған.