«Ақ жол» партиясының өкілдері «Тараз былғары аяқ киім» жұмысшыларымен кездесті

4 тамыз, 2026 / Алуа Арман

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева Құрылтай депутаттығына үміткерлермен бірге бүгін Жамбыл облысындағы жұмыс сапарын Тараз қаласында жалғастыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көне шаһардағы алғашқы жұмыс кездесу “Тараз былғары аяқ киім” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өтті.

Қалыптасқан игі дәстүр бойынша  Дания Еспаеваны әдемі гүл шоғымен, ыстық ықыласпен қарсы алды.

Отандық өндірісті, шағын және орта бизнесті қолдауды басты ұстанымы ретінде ұстанатын “Ақ жол” Демократиялық партиясының өкілдері жеңіл өнеркәсіптің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Аяқ киім өндірісінің жұмыс процесін көріп, кәсіпорынның өзекті мәселелеріне назар аударды.

“Тараз былғары аяқ киім” ЖШС - тері өңдеп, таза былғарыдан аяқкиім өндіріп шығаратын бірден-бір ірі отандық жеңіл өнеркәсіп. Бүгінде кәсіпорында 500-ге жуық жұмысшы еңбек етуде.

Кездесуде Дания Мәдиқызы отандық өндірістің, жеңіл өнеркәсіптің мәселесі әрқашан “Ақ жол” Демократиялық партиясының назарында екенін айта келіп, өнеркәсіп саласының негізгі тірегі - жұмысшылар екенін атап өтті. Партия өкілдері бүгінгі алғашқы кездесуді ұлттық экономиканың дамуына өз үлестерін қосып жүрген кәсіпорын қызметкерлеріне арнап отырғанына тоқталды.

Еліміздегі саяси партиялардың ішінде 25 жылдық тарихы қалыптасқан, нақты ұстанымдары бар, бағдары айқын “Ақ жол” партиясының атқарып жатқан жұмыстарын атап өтті.

Жиын барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның  басым бағытын таныстырып, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық саясатын жетілдіру және өнеркәсіпті өркендету үшін қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударды. Әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізудегі партия ұстанымдарын айтып өтті.

Сондай-ақ Бауыржан Найзақұлов өнеркәсіп саласы  - экономиканы құраушы күш екенін айта келе, “Ақ жол” өндіріс пен кәсіпкерлік саласын қолдаушы партия екендігіне айрықша тоқталды.

Кәсіпорын жұмысшылары еліміздің экономикалық тұрақты өсуі үшін мемлекет, бизнес және еңбек ұжымдарының өзара іс-қимылын дамыту туралы жан-жақты жауап берген партия өкілдеріне ризашылықтарын жеткізіп, алғыс білдірді.

 

 

Тэгтер:

Құрылтай кандидат Ақ жол партиясы үгіт насихат