Ақмола облысында шомылу маусымы басталғалы бері суда 33 адам қаза тапты. Бұл туралы Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Спикердің айтуынша, шомылу маусымы басталғалы бері облыс аумағындағы су айдындарында 33 адам, оның ішінде 8 бала көз жұмған.
– Тек өткен демалыс күндерінің өзінде, яғни екі күн ішінде 6 адам, оның ішінде 2 бала суға батып кетті. Көп жағдайда адамдар шомылуға тыйым салынған, арнайы жабдықталмаған жерлерде суға түседі. Ересектердің көбі мас күйде болады, ал балалар ата-анасының қарауынсыз жүреді. Кейбір жағдайларда ата-аналар балаларының су жағасында жүргенін де білмеген. Суға бату оқиғаларынан бөлек, адам суға секіріп басын жарақаттайтын немесе кенеттен өзін жайсыз сезінетін жағдайлар да кездеседі. Тіпті таяз суда да адам құлап, суға тұншығып қалуы мүмкін, – деді Ерсайын Қойшыбаев.
Оның айтуынша, тұрғындар көбіне рұқсат етілмеген жерлерде шомылады, себебі жақын маңда арнайы рұқсат берілген жағажайлар жоқ.
– Облыста 20 аудан бар, бірақ соның өзінде небәрі 16 ресми рұқсат етілген жағажай ғана жұмыс істейді. Жалпы өңір аумағында жасанды су қоймалары мен қазаншұңқырларды есептемегенде 800-ге жуық табиғи су айдыны бар. Түскен өтінімдерге сәйкес біз 108 жағажайды тексердік. Соның 86-сы шомылуға жарамды деп танылды. Алайда жергілікті атқарушы органның бұйрығына сәйкес, бүгінде тек 16 жағажай ғана толық жабдықталған және ресми түрде шомылуға рұқсат етілген, – деп атап өтті Ерсайын Қойшыбаев.