Германия мен Франция қор индекстері бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Еуропаның жетекші қор нарықтары ары қарай өсіп жатыр. Сауда-саттық кезінде Германияның DAX және Францияның CAC 40 индекстері тарихтағы ең жоғары көрсеткіштерін жаңартты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, француздық CAC 40 индексі 0,42%-ға өсіп, 8 649,7 тармаққа жетсе, германиялық DAX 0,76%-ға көтеріліп, 25 232,95 тармақты құрады. Сауда барысында CAC 40 8 669,69 тармаққа, ал DAX 26 258,98 тармаққа дейін көтеріліп, жаңа рекорд орнатты. Ал Ұлыбританияның негізгі FTSE 100 индексі де оң динамика көрсетіп, 0,47%-ға өсіп, 10 908,8 тармаққа жетті.

Сарапшылардың пікірінше, еуропалық қор нарықтарының өсуіне компаниялардың қаржылық есептері оң әсер етіп отыр. Есеп беру маусымы барысында бірқатар ірі корпорациялар күткеннен жоғары қаржылық нәтижелер жариялады.

Мәселен, Германияның химия және фармацевтика саласындағы Bayer AG компаниясы биылғы жылдың алғашқы жартысында акционерлерге тиесілі таза пайдасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есеге артып, 2,98 миллиард еуроны құрағанын хабарлады. Осы жаңалықтан кейін компания акциялары шамамен 4,1%-ға қымбаттады.

Өз кезегінде британдық мұнай-газ алыбы BP Plc та жоғары қаржылық көрсеткіштерін жариялады. Компанияның таза пайдасы 3,3 есеге өсіп, 7,75 миллиард АҚШ долларына жетті. Нәтижесінде BP акциялары 1,5%-ға жуық қымбаттады.

Goldman Sachs сарапшысы Питер Оппенгеймердің айтуынша, Еуропадағы компаниялардың табыс өсімі күткеннен де жоғары болып шыққан.

«Еуропада корпоративтік табыстың өсу қарқыны біз ойлағаннан да жоғары. Сарапшылар есеп беру маусымын оң болжаммен бастағанымен, компаниялардың қаржылық тұрақтылығын толық бағалай алмады», – дейді ол.

Сарапшылардың пікірінше, корпоративтік кірістің артуы мен инвесторлардың сенімінің нығаюы алдағы уақытта да еуропалық қор нарықтарының өсімін қолдауы мүмкін.

Бұл мәлімет инвестициялық кеңес емес, тек ақпарат беру мақсатында жарияланып отыр.*

Тэгтер:

қор биржасы қор индекстері