Ақтау қаласында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде 2026 жылғы 1 тамыз күні 14-шағын ауданда орналасқан кәсіпкерлік нысанда тегін өнім тарату фактісі анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Белгілі болғандай, кәсіпкер нысанның ашылуына орай балаларға 50 дана балмұздақ пен 30 дана йогуртты тегін таратқан. Алайда аталған іс-шараны өткізуге дейін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес Ақтау қаласы әкімдігінен тиісті рұқсат алынбаған.
Осыған байланысты Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп кәсіпкермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қолданыстағы заң талаптарын түсіндірді.
Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті нормаларына сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
– Кәсіпкерлердің осы бағыттағы бастамасына еш қарсылық жоқ. Алайда тегін өнім тарату қолданыстағы заңнама талаптарын сақтай отырып ұйымдастырылуы қажет. Іс-шара өткізер алдында тиісті жергілікті атқарушы органнан рұқсат алып, балаларды қуантудың қауіпсіз әрі заң талаптарына сәйкес келетін өзге де жолдарын қарастырған жөн. Себебі мұндай іс-шаралар кезінде адамдардың көп шоғырлануы түрлі келеңсіз жағдайларға алып келуі мүмкін, – деді Заңғар Оразай.
Құрметті кәсіпкерлер!
Тұрғындар арасында тегін өнім таратуға байланысты акцияларды ұйымдастыру барысында қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Рұқсатсыз өткізілген мұндай іс-шаралар әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын және заңнамаға сәйкес айыппұл салынатынын еске саламыз.