Павлодар облысында балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаған бес мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Балаларды арнайы ұстау құрылғыларынсыз немесе балаларға арналған автокреслосыз тасымалдауға жол берілмейді. Соған қарамастан полиция қызметкерлері жолдарда мұндай заң бұзушылықтарды күн сайын анықтап келеді. Құқық бұзушылықтардың бір бөлігі жол бойына орнатылған бейнебақылау камералары арқылы автоматты түрде тіркеледі.
Жүйе қауіпсіздік құрылғысымен бекітілмеген баланы немесе автокөлікте балаларға арналған автокреслоның жоқ екенін анықтаған жағдайда, көлік иесіне әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері балаларды тасымалдау қағидаларын бұзған бес мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Жолдың ұзақтығына қарамастан, бала қауіпсіздігіне ерекше мән беру қажет. Үйден мектепке дейінгі қысқа жолдың өзі немесе демалыс күндері қала сыртына шығу кезінде де қауіпсіздік талаптарын сақтау міндетті. Такси қызметін пайдаланатын ата-аналар тасымалдаушыны мұқият таңдап, көлікте баланың қауіпсіздігіне қажетті жағдай жасалғанына алдын ала көз жеткізуі керек, – деп атап өтті полиция.
Полицейлер балаларды көлікте қолда ұстап тасымалдауға қатаң тыйым салынатынын ескертеді. Көлік кенеттен тежелген жағдайда баланы қолда ұстаған адам оны ұстап қала алмай, соқтығыстың негізгі күші баланың өзіне түсуі мүмкін.
Биыл кәмелетке толмаған жолаушылардың қатысуымен 59 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан бір бала қаза тауып, 17 бала түрлі дене жарақатын алған. Полиция жүргізушілерді балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Қарапайым ережелерді орындау – кішкентай жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі.