«Кепілге қойғызған»: Ақталып шыққан 60 жастағы бақташы туралы жаңа дерек белгілі болды (ВИДЕО)

Бүгін, 13:07 / Інжу Әлихан
коллаж: turkystan.kz

Ақтөбе облысында 100 жылқы ұрлады деген айыппен сотталған, кейін апелляциялық сатыда ақталған 60 жастағы жылқышы Рахат Сәрсеновтің ісіне қатысты жаңа жайттар белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Журналист Руслан Өтепбай Рахат Сәрсеновтің ісі бойынша мән-жайды білу үшін Ақтөбе облысына арнайы барған еді.

Оның айтуынша, 60 жастағы жылқышы енді жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін.

«Рахат Сәрсеновтың ісі бойынша жаңа дерек.

Жылқышының басындағы қиындық мұнымен аяқталмаған. Оның айтуынша, 2019 жылы бұрынғы жұмыс берушісі Тәжіғали Есенов Рахат Сәрсенов пен жұбайын нотариусқа апарып, жалғыз баспанасын кепілге қойғызған. Ерлі-зайыптының сөзінше, нотариаттық құжат орыс тілінде рәсімделгендіктен, олар нақты қандай құжатқа қол қойып жатқанын толық түсінбеген.

Бұған дейін Тәжіғали Есенов Рахат Сәрсеновке: «60 бас жылқының есебі түгел емес. Соның өтемі ретінде 10 млн теңге қарызсың. Әйтпесе үйіңді аламын», – деген талап қойғанын айтады.

Қазір Рахат Сәрсенов тұрып жатқан жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупі бар. Себебі бұл мәселе бойынша сот шешімі шығып қойған.

Ал заңгер Бағдат Амандосұлы нотариаттық құжаттың заңдылығына күмән келтіріп, оны жарамсыз деп тану үшін құзырлы органдарға тиісті арыздарды дайындап жатқанын мәлімдеді. Істің нақты құқықтық бағасын сот пен уәкілетті органдар береді. Біз бұл істің әрі қарай қалай өрбитінін бақылап, барлық тараптың ұстанымын жариялауды жалғастырамыз», - деді Р. Өтепбай.

Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында 33 жыл бойы жылқы баққан 60 жастағы азамат 100 жылқы ұрлады деген айыппен 7 жылға сотталған болатын. Алайда апелляциялық сот істі қайта қарап, оны сот залынан босатқан еді.